Түркияда әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мен Әбу Әли ибн-Синаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Қоғам және адам» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Алқалы жиынға түрік және таяушығыстық әріптестерімен бірге қазақстандық ғалымдар да қатысып, ғылыми жұмыстарын ортаға салды. Қазақ Ұлттық университеті әл-Фараби орталығының директоры Жақыпбек Алтаев Фараби еңбектерінің ислам және Еуропаға ықпалы жайында мазмұнды баяндама жасап, құнды деректерімен бөлісті.

ЖАҚЫПБЕК АЛТАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Орта ғасырдағы ислам дүниесінің ең ірі философтарының бірі әл-Фараби жалпы түркітілдес халықтарға ортақ тұлға. Сондықтан әл-Фараби және Әбу Әли ибн-Сина сынды тұлғалар халықтарды рухани жағынан жаңғыртуға, біздің елде де қазір Елбасының айтып жатқан рухани жаңғырудың ұлттық коды осы кісілердің еңбектерінде сақталған.

«Әл-Фараби – екінші ұстаз». Ұлы ағартушы, ғалым туралы түсірілген деректі фильм осылай аталады. Тың туынды Алматыда түркі әлемі деректі фильмдерінің халықаралық фестивалінде көрсетілді. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқауға алты мемлекеттің маңдайалды оқу орындары қатысты. Авторлық фильмдер мәдени және қоғамдық тақырыптарға арналған.  

МЕНДЕРЕС ДЕМИР, ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖУРНАЛИСТЕР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл жолғы фестивальге көп адам қатысып жатыр. Түрік әлемінен   оның ішінде автономия сынды 23 аймақтан қатысты. Мұны біз екі деңгейге бөліп қарастырдық. Біріншісі, студенттер, екіншісі, арнайы мамандар деңгейін  бағамдап көрдік. Жақсы туындылар әрине баршылық.

ДӘУРЕН ДҮЙСЕБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗМУ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз ұсынған фильмде Әл-Фарабидің еңбектері туралы баяндалады. Соның ішінде, «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактатына» кеңірек тоқталған. Біздің университетте «Әл-Фараби - Smart City» атты ғылыми-инновациялық жоба іске асырылуда. Оның мақсаты – еліміздің жаңа қайырымды азаматтарын қалыптастыру.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер