Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды ашқан елшіміз Иманғали Тасмағанбетов екі елдің терең тарихи және мәдени байланысын атап өтті. Сарапшылар да қос ел халықтарының достығы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі беки түсуіне ықпал ететінін айтты.

ҒАЛЫМЖАН ҚОЙШЫБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қос ел арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ деп сеніммен айта аламын. Әрине, мұндағы серпін екі мемлекет басшыларының арасындағы қарым-қатынастан көрінеді. Экономика жайлы айтатын болсақ, Қазақстан Ресей үшін, Ресей Қазақстан үшін алдыңғы қатарлы сауда серіктес саналады. Биылғы жылдың 8 айында ортақ саудадағы өсім 37% болғаны өте қуанышты жағдай.

ГРИГОРИЙ КАРАСИН, РФ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз өте жақын елдерміз. Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестер тұрғысынан Қазақстан мен Ресей көшбасшы. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені талқылау туралы бастаманы айтқан еді. Бүгінде ұсыныстар орындалып жатыр.

Екі ел арасында ерекше қарым-қатынас мәртебесі бар. Тіпті, ширек ғасырда үш жүзге жуық келісім бекітілген. Одан бөлек, Қазақстан мен Ресей халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты табысты жүзеге асырып келеді.

АНАТОЛИЙ ТОРКУНОВ, ММХҚИ РЕКТОРЫ:

 - 25 жыл ішінде қалыптасқан негіз берік болғандықтан біз болашаққа сеніммен қараймыз. Ресейлік және қазақстандық тараптар бірлесіп шеше алмайтын мәселе жоқ.

СҰЛТАН ӘКІМБЕКОВ, «ЦЕНТР АЗИИ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Посткеңестік кеңістікте Қазақстан мен Ресей ғана өзінің экономикалық, саяси және геосаяси ұстанымдарына тұрақты. Осы тұрғыдан екі мемлекет әлемнің дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Шын мәнінде, қазіргі заманғы әлемге бейімделу деңгейі бойынша Қазақстан мен Ресей бұл кеңістіктің көшбасшысы саналады деп ойлаймын.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас екіжақты интеграциялық және ынтымақтастықтың ең табысты әрі тиімді үлгісі екенін атап өтті. Бұл – Еуразия кеңістігінде тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер