Сириядағы шиеленіс жаһан жұртын алаңдатып отыр. Қазақстанның текетірескен тараптарды мәмілеге шақырып, бейтарап алаң ұсынғаны содан. Астана процесінің 7-ші раундына қатысушыларды қабылдауы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Шам елінде қауіпсіз аймақтардың құрылуы және гуманитарлық жағдайдың жақсаруы, бастысы, қарсы жақтардың бір үстел басында жиналуы – елорда төрінде өтіп жатқан келіссөздердің нәтижесі. Делегаттар осы үшін Елбасыға және барша Қазақстан халқына алғыстарын жеткізді. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Сіздердің жұмыстарыңыз барша әлем назарында. Қаза болғандар мен босқынға айналғандардың өте көптігі бүкіл адамзатқа орасан нұқсан келтірді. Қазақстан Ресей мен Түркия Президенттерінің өтініші бойынша Астанада бас қосып, келіссөз жүргізуге жағдай жасады. Бүгінде сол келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлық тараптар бұл үдерістің тиімді екенін, Женевадағы келіссөздердің тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтуда. Сіздер бірнеше өңірдегі әскери іс-әрекеттерді бәсеңдету мәселесін шештіңіздер. Бұдан арғы іс-қимыл тетіктері әзірленіп, гуманитарлық ахуал жақсарды. Оқ атуды тоқтату режимін сақтап қалудың маңызы зор. Нәтиже бар. Біріншіден, қажет механизмдер әзірленді. Екіншіден, деэскалация аймақтары құрылды. Үшіншіден, гуманитарлық жағдай едәуір жақсарды. Біз де қолымыздан келгенше гуманитарлық жағынан көмегімізді көрсетіп жатырмыз.

АЛЕКСАНДР ЛАВРЕНТЬЕВ, РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ СИРИЯ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

 - Астана процесі басталғалы бері талай түйткілді мәселе талқыланып, оң нәтиже шығарылды. Біріншіден, Сирияда қауіпсіз аймақтар құрылды. Сол арқылы Таяу Шығыстағы шиеленіс біршама жөнге келтірілді. Біз бұл мемлекеттегі оқ атпау режимінің барынша сақталғанын және гуманитарлық шаралардың тиісті деңгейде орындалғанын қолдаймыз. Бізбен кездесіп, сириялық дағдарысты реттеуге баса көңіл бөлгеніңіз үшін алғысымды білдіремін.

СЕДАТ ОНАЛ, ТҮРКИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Сіздің Астана процесін өткізу жөніндегі батыл шешіміңіз арқылы Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бастамасы жүзеге асырылып келеді. Оның айқын нәтижесі баршамызға белгілі. Дегенмен, оқ атпау режимінің толық орындалуына уақыт керек. Сондықтан Астана процесінің өткізілуі аса маңызды. Бұл алаңда қабылданған шешімдер Женева процесін жан-жақты толықтырып отыр. 

ХУСЕЙН ДЖАБЕРИ АНСАРИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мен Қазақстандық тарапты Астана процесін ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін.  Бұл Сирияда тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға сүбелі үлес қосты. Астанадағы келіссөздер Женевадағы кездесулерді толықтырды. Сирия қақтығысы 3 аспекттен тұрады. Олар – адами, саяси және қауіпсіздік. Біздің ойымызша, Астанада олардың барлығы қарастырылып жатыр.

МИЛОШ СТРУГАР, БҰҰ БАС САРАПШЫ-КОНСУЛЬТАНТЫ:

 - Бұл процессте сіздің және  сіздің еліңіздің рөлі айрықша екенін айтқым келеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметі мен Астана процесі үшін алғыс білдіремін. Бұл ұйым үшін аса маңызды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер