Қазақстан Орталық Еуропадағы ең ауқымды World Travel Show көрмесіне қатысты. Отандық туроператорлар еліміздің туристік мүмкіндіктерін барынша ашуға тырысты. Онда еліміздің ең әдемі қалаларына, Жібек жолы бойына, жергілікті демалыс орындарына арналған түрлі саяхаттар бар. Одан бөлек, еуропалық туристердің назарына Байқоңыр, ҚарЛАГ және Семей полигоны сынды ерекше бағыттағы экскурсиялар да ұсынылды.

МӘДИНА ӘБІЛДИНА, KITO КОМПАНИЯСЫНЫҢ ІШКІ ТУРИЗМ БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ:

 - Байқоңырға саяхат – маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Оған отандастарымызбен бірге - шет елдік туристтер де қызығушылық танытып жүр. Бұл - біздің алғашқы тәжірибиеміз. Соған қарамастан, көңілімізден шығып жатыр. Польша мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жыл санап дамып келеді. Сол себепті елімізге турист тарту үшін осындай ауқымды көрмеге қатысып жатырмыз.

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан – әртүрлі көрінісімен шетелдіктердің қызығушылығын оятып отыр. Бірін біздің елдің тарихы мен археологиялық ескерткіштер қызықтырса, енді біріне жаңа Астананы көру маңыздырақ. Қазақстанның табиғатына тамсанғандар да көп болып шықты.

МАРЕК, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Біз үшін маңыздысы Іле өзені мен Балқаш көлі. Онда әлемдегі ең үлкен сомдар бар. Бізді, жалпы, балық аулау үрдісі қызықтырады. Мен достарыммен бірге ихтиолог ретінде сіздің елге баруды жоспарлап отырмын. Көп естігенше, көзбен көрген дұрыс деп шештік. Көрмеде тұрған стендтен - Астанаға Варшавадан баратын тікелей рейстің бар екенін білдім. Біз үшін бұл қолайлы саяхат болғалы тұр.

Астана мен Варшава арасындағы тікелей әуе рейсі ғана емес, визасыз жүріп-тұру мүмкіндігі де Қазақстанға келушілердің қатарын көбейтпек. Сарапшылардың айтуынша, Астанада өткен EXPO көрмесінің арқасында шетелдік қонақтар Қазақстан туралы көбірек ақпарат алған. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ауқымды шара – қазақ елінің абыройын асқақтатқаны рас.

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Астанада өткен EXPO мультипликативтік нәтиже берді. Біздің павильонға келушілер: EXPO-ны сіздер өткізген жоқсыздар ма? Қалай болды? Бізге қызық. Бүктемел бар ма?, - деп сұрап жатыр. EXPO-ның өтіп кеткеніне қарамастан, көрме арқылы олар Қазақстанды тани түсті. Сондай-ақ мен Польша туристік ұйымын, туристік палатасын және сауда-өнеркәсіп палатасын шақырып кездесу өткіздім. Олардың айтуынша, Қазақстандағы Жібек жолы мен Астана бағытына сұраныс артып келеді.

КАЗИМИР ЦВИКЛА, PTAK WARSAW EXPO ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан – біз серіктестік орнатқымыз келген мемлекеттердің бас экспоненті сынды. Мен де Астанада өткен EXPO көрмесіне бардым. Бұл өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара болды.

Варшавадағы көрмеде Қазақстан тек бай туристік күш-қуатын ғана танытып қоймай, өзіндік мәдениетін де көрсете білді. Көрмеге келгендер қазақ халқының ұлттық әні мен биін тамашалап, домбыраның үнін естіді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер