Қазақстан бітімгерлік бастамаларымен әлемге танылды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ еліміз халықаралық ядролық қарусыздану ісіне белсене араласып, бейбітсүйгіш саясатымен танылып тарихта қалды. Бүгінде әлемнің танымал саясаткерлері мен тұлғалары еліміздің ядролық қарудан бас тартуын батырлық деп бағалайды.

САБЕР ЧОУДХУРИ, ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық ұстанымын әлемдік  қауымдастық жоғары бағалайды. Және мұның қазіргі заманға үлкен батырлық екенін ешкім жоққа шығара  алмас. Қазақстанның осы қадамы өзге елдерге үлгі болуы керек.

Жаһан жылнамасында тұңғыш рет әлемнің дәстүрлі діндер лидерлері Астанада бас қосты. Осылайша, Қазақстан конфессияаралық үнқатысудың негізін қалады. Одан кейінгі жылдары да салиқалы саясаттың арқасында еліміз халықаралық деңгейдегі аса ірі келіспеушіліктерді реттеуге қатысып қана қоймай, бітімгерлік бастамаларымен талай рет танылды.

ӘЛИ ЛАРИДЖАНИ, ИРАН ИСЛАМ КЕҢЕСІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Астана  Сирия дағдарысын реттеуге ниетті. Және бұл оның қолынан келді де. Бұл мәселе Женевада оң шешімін  тапқан жоқ, есесіне Сирия келіссөздері Астанада табысты жүргізілді.

МАРИЯ ЛОХЕЛА, ФИНЛЯНДИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Қазақстанның географиялық орналасуы оның бітімгер ретінде әлемдік аренада сөйлеуіне  мүмкіндік береді. Бұл мемлекет өте күрделі мәселелерді шешуде жетекші орын алады. Біздің  мемлекетіміз де әріптестікті жандандыра түседі деп сенеміз.

Еліміздің және Елбасының ширек ғасырдағы сарабдал саясатының ірі жеңісі - Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы. Осынау маңызды органның құрамында еліміз әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы қызметін жалғастыруда.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер