Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразиялық аймақты бірыңғай көлік-логистикалық жүйеге біріктіретін жобаны қолға алады. Бұл туралы аталған ұйымның бас хашысы Анхель Гурриа мәлім етті. Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен әріптестігі 2008 жылдан бастап, Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді. Бағдарламаға Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропаның 13 мемлекеті қатысып отыр. Еуразия елдерінің әлемдік Жалпы ішкі өнімдегі үлесі қазір 500 млрд долларға жуық. Ал, 180 миллионнан астам тұрғыны бар нарықтың әлеуеті бұдан да жоғары.

АНХЕЛЬ ГУРРИА, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ДАМУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Еуразия мемлекеттеріндегі атқарып жатқан жұмысының басым бөлігі кәсіпкерлікті, инновация мен шағын және орта бизнесті дамытуға бағыттылған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің дамуына ықпал етеді.

Форумда жекеменшік сектор мен жан-жақты дамуды қамтамасыз ету жайы талқыланып, тараптар бәсекелестікті арттырудың озық тәжірибесімен бөлісті. Әлемдік Жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің еншісінде.

ДМИТРИЙ КУМСИШВИЛИ, ГРУЗИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы жылдың алғашқы айларында Грузия экономикасы 4,7 пайызға өсті. Экспорт та ұлғайып отыр. Соңғы 3 тоқсанда экспорт 37 пайызға артты. Туризм саласы да жақсы дамып келеді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстары Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары мен стратегияларында да көрініс тапқан. Айталық ол экономиканы әртараптандыру, экспортты ұлғайту, саннан сапаға көшу, шикізатқа деген тәуелділікті азайту сынды бастамалар.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Мысалы 2010 жылы тау-кен өндірісіндегі компаниялардың, оның ішінде мұнай-газ, металлургия саласы бар, олардың үлесі 20 пайыз еді. Қазір олардың экономикадағы үлесі шамамен 12 пайызға жуық. Яғни, қысқару байқалады. Қызмет көрсету секторы мен өңдеуші өнеркәсіп саласында өсім бар.

Форум аясында іскерлік кездесулер де жоспарланған. Мақсат – кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында байланысты нығайту. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер