Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы тәжірибе бөлісуде. Ыстамбұлда «Бағалау саласындағы ұлттық әлеует» атты жаһандық бесінші конференция аясында «Ұлттық бағалау жүйесін құру: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті. Алқалы жиынға әлемнің 30-дан астам елінің өкілдері мен халықаралық ұйымның сарапшылары қатысып, мемлекеттік қызметті жетілдірудің жай-жапсарын талқыға салды. Әлихан Байменов мемлекеттік басқару сапасын қамтамасыз етуде аудит және бағалау жүйесінің маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта Қазақстанның жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісті.

ӘЛИХАН БАЙМЕНОВ, АСТАНАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ХАБ БАСҚАРУШЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы Қазақстанның тәжірибесін халықаралық сарапшылар ортасында талқылап, бір жағынан Қазақстанның озық жетістіктерімен танысып, екінші жағынан Қазақстан да өзінің осы жүйесін ары қарай дамытуда халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсін деп ұйымдастырдық. Менің ойымша, бүгінгі пікірталас қызықты өтті. Қазақстанның жетістіктері мол, бірақ әлі де болса бұл бағытта атқарылатын істер алда. Сол себепті осы конференцияда түйген түйіндерді келешекте Қазақстанның бағалау жүйесін жетілдіруде де пайдаланылады деп есептеймін.

Семинарда шетелдік сарапшылар Қазақстанда мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша енгізілген конкурстық жүйе мен жоғары лауазымды «А» корпусын қалыптастыру шараларына жоғары баға берді. Сондай-ақ, жиын аясында Грузия, Әзербайжан мен Эстониядан келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, елдеріндегі мемлекеттік басқару сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстары жайында баяндап берді.

АЙБАТЫР ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біріншіден айта кететін шара мемлекеттік жүйеден халыққа қызмет көрсету бөлініп шығуы. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының дамуы және электронды қызмет көрсету шарасы бүгінгі семинарға қатысқан мемлекеттің өкілдерінен жоғары баға берілді. Бұл халықаралық деңгейдегі тренд. Сондықтан осы бағыттағы жетістіктердің барлығы дұрыс бағаланды деп ойлаймын.

Қазақстан – мемлекеттік қызмет сапасын қамтамасыз ету жөнінен аймақтағы жетекші елдердің бірі.  Алайда бұл салада жұмысын ары қарай жетілдіру үшін біздің еліміз білгенімен бөлісіп, білмегенін әлемнің озық мемлекеттерінен үйренуге болатындығын дәлелдеп отыр. Мысалы, электронды қызмет және электронды басқару саласы бойынша әлемнің ең үздік мемлекеттері саналатын Корея мен Эстонияның тәжірибесі біз үшін де өте маңызды деп есептейді, қазақстандық мамандар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер