Түркияда «Астана процесі және Сирияның келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. SETA стратегиялық зерттеу орталығы ұйымдастырған отырысқа белгілі саясаттанушылар, халықаралық сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Олар Астана жиынының Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы рөліне тоқталып, Шам елінің ертеңіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

ХАККЫ УЙГУР, ИРАН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Астана процесінің алғашқы жиынында бір үстелде отыруға арланған тараптар қазір маңызды ортақ келісімдер қабылдап, нақты іске кірісті. Мысалы соңғы отырыста Идлиб провинциясы қауіпсіз аймақ ретінде белгіленді. Егер Идлибте қарулы қақтығыс тоқтаса, онда Астана процесі өзінің міндетін толығымен орындап, мақсатына жетті деп бағамдауға болады.

Астана процесінің 6-кезеңінде бірқатар маңызды шешім қабылданды. Оның қатарында Сирияда 4 бірдей қауіпсіз аймақ құру жөнінде келісім бар. Оған сәйкес кескілескен ұрыстан көз ашпаған Идлиб провинциясын бақылауға алып, тыныштығын сақтау көзделіп отыр. Саяси сарапшылар Сирия дағдарысының шешімі - қақтығысқа қатысушы елдердің өзара ымырасы мен ерік-жігерлеріне байланысты екенін жасырмайды.

ЭМРЕ ЭРШЕН, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Үш мемлекет те мәселені тек үстел басында шешуге ниетті екендіктерін білдірді. Астанадағы алқалы жиынның нәтижесінде деэскалация аймақтарын құру жобасы толығымен іске асырылса, онда Сирияның келешегіне қатысты саяси қадамдар жасалмақ. Қазір ол кезең әлі бастала қойған жоқ. Дегенмен Астана процесі Женева кездесуінің алғышарты іспетті. Өйткені Женевадағы отырыс Сириядағы саяси үдерістерге бағытталған.

Жиын соңында салмақты сарапшылар «Астана процесі - Сирия үкіметі мен оппозициясын бір мәмілеге шақырып, қақтығысты бейбіт жолмен шешуге болатындығын дәлелдей білген келелі келіссөз алаңы» деп атап өтті .  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер