Қазақстан экономикасының өсім қарқыны 4,3% деңгейінде сақталды. Бұл осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша көрсеткіш, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында оң үрдіс байқалып отыр. Осыны ескере отырып салалық ведомство жыл қорытындысы бойынша экономика өсімі кем дегенде 3,4% деңгейінде болады деп болжайды.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Еліміздің сыртқы тауар айналымы 48,7 млрд долларды құрап, 26,4%-ға артты. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі бірінші жарты жылда 10,5 миллиард долларды құрады. Мұндағы өсім 8,6%-ға тең.

Өсімнің негізгі қозғаушылары өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс болды. Өнеркәсіп көрсеткіші жыл басынан бері 8,3%-ға артқан. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,7%-ды құрады. Алдағы уақытта аталған салалардағы өсім жалғаса береді. Бұған қоса, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында жоспарды асырып орындау есебінен мұнай өндіру көлемі артады, дейді ведомство өкілдері.

Қазақстандық қара алтынды сыртқа тасымалдаушы «Каспий құбыр консорциумының» жылдық тасымалдау қуаты 28 миллион тоннадан 67 миллионға жетті. Бұған Атырау облысында іске қосылған жаңа мұнай айдау станциясы оң әсер еткен. Жоба құны - 5 миллиард АҚШ доллары шамасында. Қуаты артқан құбыр жүйесі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен алаңдарынан өндірілген мұнайды, Новороссийск арқылы Қара теңіз порттарына жеткізеді. Егер аталған кеніштерде мұнай өндіру артса, консорциум жылына 80 миллион тоннаға қара алтын тасымалдауға қауқарлы.

НИКОЛАЙ ГОРБАНЬ, КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - «Қашаған» кенішінен өндірілген барлық мұнайды тасымалдауға дайынбыз. «Теңіз» кен алаңының кеңеюіне байланысты әзір тапсырыс түскен жоқ. Дегенмен, 2018 жылға қарай ол мұнайды да қабылдай аламыз. Қазір Каспий құбыр консорциум толықтай жарақтандырылды. Жаңа мұнай айдау стансалары салынды. Тасымал жүйесі осы заманғы ең озық технологияға негізделген.

Қазірдің өзінде «Қашағаннан» өндірілген 5 миллион тонна мұнай, құбыр арқылы экспортқа шығарылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер