Нью-Йоркте де қазақ тағамдарының дәмін татуға болады. Қазақи нақыштағы мейрамхананы Фарида мен Жәнібек Ғаббасовтар ашқан. Фарида Нью-Йорктегі сән және технология институтын бітіріп, дизайнер ретінде жұмыс істеген. Ал Жәнібек Қарағанды политехникалық институтынан соң, білімін Майамидағы америкалық оқу орнында жалғастырған. Ағалы-қарындас отанынан алыс жүргендеріне қарамастан, шетелдік достарын қазақтың салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстырып қана қоймай, ұлттық тағамдарынан да дәм татқызған.

ФАРИДА ҒАББАСОВА, МЕЙРАМХАНА ИЕСІ:

 - Америкада қытай, түрік сынды әртүрлі ұлт өкілдері өз мейрамханаларын ашқысы келеді. Сол сияқты, неге қазақ тағамдарын көптеген мемлекетке танытпасқа деген ой келді. Мәселен, Бруклинде Өзбек мейрамханасы бар. Бірақ қазақстандық дәмхананы Американың бірде-бір штатынан көрмеппін. Шынын айтқанда, бұл салада біз алғашқымыз.

Қазақ әуені ойнап тұрған жайлы мейрамхана, отандасымыз Берік Құлмамыровтың туындылары, киізден жасалған бұйымдар. Барлығы да шет мемлекеттен келген туристердің қызығушылығын тудырып жатыр.

ЖӘНІБЕК ҒАББАСОВ, РЕСТОРАТОР:

 - Бізбен бірге мәзір құрған бас аспазымыз Нью Йоркте танымал. Ол Роберт Де Ниромен бірге жұмыс істеген. Тек бізге емес, америка халқына ұнайтын мәзірді ойластырып жатыр. Көбінесе табиғи азық-түліктерді қолданамыз. Біздің басты тағамымыз waffle dog деп аталады. Шұжықты арнайы өзіміздің рецепт бойынша әзірлейді.

Мейрамханадан тыс шараларда мәзірге міндетті түрде қазақы ет, қуырдақ пен палау ұсынылады. Фарида мен Жәнібек америкалықтар үшін бұл экзотикалық тағам түрлеріне қымызды да қосқысы келген. Тек, оны Нью-Йоркте табу қиынға соғыпты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер