Қазақстанның туристік бағыттары, елдегі табысты бизнестің тарихы, сараптама және EXPO 2017 көрмесі. Украина журналистері бизнес журналдың бір санын бастан-аяқ біздің елге арнапты. 8 тілші бір ай бойы Қазақстанда жұмыс істеп, еліміз жайлы 190 беттік эксклюзивті ақпарат дайындаған.

ТАТЬЯНА ЛЮЛЬКА, COMMUNITY ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ:

 - Басылымның бұл саны басқаларына қарағанда сараптама және мазмұнды сұхбатпен ерекшеленеді. Украинада осы журналды оқыған адамның Қазақстанға баруға деген ынтасы арта түсетіні анық. Ал, қазақстандықтар, өз елінің жетістігіне қуанып, мақтаныш сезіміне бөленетіні сөзсіз.  

Басты мақсат – Қазақстан туралы ақпарат беру ғана емес, оның әлеуеті мен даму векторын көрсету. Бизнес үшін мұндай ресурс іс-қимылға арналған нұсқаулық іспеттес.

САМАТ ОРДАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Журнал Қазақстанның мүмкіндіктері жайлы ауқымды ақпараттар дайындаған. Жасыл экономиканы іске қосу, көлік, жоғары технологиялар және экономиканы цифрландыру саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтер берілген.

ЕВГЕНИЙ ОХРИМЕНКО, КӘСІПКЕР:

 - Қазақстан – Азияға жол тартар тікелей есік. Сондықтан ел нарығында көптеген украиналық компаниялардың болуы қалыпты жағдай. Бұл құрылыс, ақпараттық технология салаларында  қарқынды дамып келе жатқан қызықты нарық.

Бұл журнал – ауқымды жобаның үштен бір бөлігі ғана. Оған тамыз айында Астанада алғаш рет ашылған бизнес-клуб және «балалардың мамандықтар қаласы» да кіреді. Енді осы бастамалар Қазақстанда тұрақты негізде жұмыс істейтін болады. Тіпті, жақында жобаның елдегі өкілдігі де ашылды.

Оңтүстік Кореяның өнер туралы жазатын әйгілі журналында да Қазақстан жайлы мақалалар жарық көрді. Баспагер әрі музыкант Чон Донг Су бірнеше жыл елімізде қызмет істеген. Отанына оралғаннан кейін оқырманға Қазакстанның көрікті жерлерін көрсету жөнінде шешім қабылдайды. «Өнер және мәдениет» басылымында Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ассы үстірті, Қатон-Қарағай және Алтын Емел ұлттық саябағы туралы мақала жарияланған.

ЧОН ДОНГ СУ, БАСПАГЕР:

 - Мен Қазақстанның тамаша табиғатының аясында өзімді жайлы сезіндім. Біз бұл елдің табиғи ресурстарға бай екенін жақсы білеміз. Туризмді дамытудың арқасында Қазақстан әлемге танымал бола алады деп ойлаймын. Біз жариялаған мақалаларға қызығушылық танытқандар көп. Қазірдің өзінде хабарласып жатқан белгілі фотографтар бар.

Журнал оңтүстік-кореялық саяхатшыларға көрікті жерлердің бағыттары туралы ғана емес, сондай-ақ, қонақүйлер мен дәмханалар бойынша ақпарат береді. Басылымды Сеулдегі ақысыз кітапханада оқуға болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер