Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қалжат өткізу пунктінде жаңа кеден және логистика орталығы ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобаға инвестор 10 миллиард теңге жұмсаған. Заман талабына сай салынған кеден және логистикалық орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді.

ӘЛІМ ЖУСАНБАЕВ, ҚАЛЖАТ ӨТКІЗУ ПУНКТІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Логистика жүк әкелуші мен жүк әкетушінің арасындағы алтын көпір екенін өздеріңіз білесіздер. Паспорт бойынша күніне 120 машина өткізу керек болатын. Бірақ күніне 40-50 машинадан аса алмадық.

Жаңа кешеннің әлеуеті бірнеше есе көп. Тәулігіне 500 транзиттік жүк көлігіне қызмет көрсете алады. Бұдан бөлек Қазақстанның ішкі нарығына жүк әкелген 100-ге жуық машинаны қабылдайтын мүмкіндік бар. Орталық «Астана-1» ақпараттық жүйесіне қосылған. Басты мақсат – ашықтықты қамтамасыз етіп, жүк көліктерін жылдам өткізу. 

ҒҰСМАН ӘМРИН, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жалпы біздің алдымызға қойған мақсатымыз бір 30 минуттың арасында шығару. Енді 3-4 айдың арасында осы жерде жаңадан техникалық бақылау комплексі құрылады.

Инвестор жуық арада құрылыстың екінші кезеңін бастауды жоспарлап отыр.

ЕРЛАН ДИҚАНБАЕВ, ИНВЕСТОР:

 - Бізге 20 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда оның 5 гектарын игердік. Коммуникация жүйелері барлық 20 гектар жерге жүргізілген. Алдағы уақытта біз қоймаларды көбейтіп, кәсіпкерлерге қонақ үй саламыз.

Жалпы Үкімет алдында 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін 7 есе арттыру міндеті тұр. Қалжаттағы инфрақұрылымның жаңаруы осы мақсатқа жетуге септігін тигізері анық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер