Жиырма үш жастағы Сергей Бондаренко қазақ елінің көк байрағын көтеріп, төрт жыл бойы саяхат жасаумен келеді. Алматылық жігерлі жігіттің мақсаты – жер шарын жаяу айналып шығу. Мейірімді жандардың арқасында оның асыл арманы орындала бастады. Сергейге жолдорбаны Қазақстанда, ноутбукты Әзербайжанда, смартфонды Камбоджада, ал фотокамераны Ресейде тарту етіпті. Шетелдіктермен ағылшынша сөйлеседі. Ағылшын тілін ол сапар кезінде үйреніп алған.

Сергей шет елге келіп бірден вай-фай іздейді. Ғаламторға қосылып, әлеуметтік желілерде жерлестерінен көмек сұрап пост жазады. Соңғы сапарында оның өтінішіне бірнеше қазақстандық пен Сеулдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері жауап берді.

Елшілік қызметкерлері Сергейге қаржылай қарасып, қолдау көрсетіпті. Өйткені оны саяхатшы болса да, дипломат деудің өзі асылық емес сияқты.

СЕРГЕЙ БОНДАРЕНКО, САЯХАТШЫ:

 - Мен шетелдіктерге Қазақстан уран өндіруден дүниежүзі бойынша бірінші орында, елімізде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар және елімізде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар бейбіт өмір сүріп жатыр деп ұдайы айтып жүремін. Астана қаласы әлемдегі ең жас астана екендігін де жаһанға жар салумен келем. Шетелдіктермен кездескенде ылғи осыларды айтамын.

Сергейдің көшеде түнеп шыққан кездері де болған, ал осы жолы Сеулде оған жатын жай табылды. Саяхатшыны қала тұрғыны Ләззат Смайылова қонаққа шақырған. Сергейдің жағдайына қазақ қызы түсіністікпен қарайды. Өйткені жеті жыл бұрын өзі де Оңтүстік Кореяға оқуға келіп, осы елде талай қиыншылықты бастан өткерген екен.

ЛӘЗЗАТ СМАЙЫЛОВА, СЕУЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазақстан туын көтергені үшін сергейдің алдында басымды иемін. елімізді жер-жаһанға жақсы жағынан көрсету өте маңызды іс.

Оңтүстік Кореядан кейін Сергей тағы он екі елге сапар шекпек. Ал саяхат аяқталғаннан кейін ол кітап жазуды жоспарлап жүр. Сергей Бондаренко өз шығармасында оған көмектескен мейірімді Қазақстан азаматтары мен оны аман сақтап жүрген көк байрақ туралы көсіле жазатынын айтады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер