Қазақстанның батысында жаңа көлік хабы пайда болады. Оны құруға құрылысы 2018 жылы  басталатын Ақтөбе-Атырау-Астрахань автомагистралі негіз болмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынатын күре жол 16 бөліктен тұрады және жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Егер осы қатынас жолы қайта қалпына келтірілсе, Атырау 9 жолдың торабына айналып, көлік инфрақұрылымы дамитын болады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы жүзеге асқанда Атырау арқылы Орта Азиядан шығатын көліктер 300 шақырымдай жолды үнемдейді екен. Бұл мыңдаған тонна жүк тасымалы мен жолаушылар қатынасы үшін үлкен жеңілдік болмақ.

СӘУЛЕ ҚҰРЖЫМОВА, САПАНЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл жол Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен біздің Атырау арқылы Ресейге және одан әрі Қара теңіз порттарына, Кавказ елдеріне қарай жүк тасымалдауға мүмкіндік туғызады.

Екінші санатты жаңа жол құрылысы осы заманғы ең озық технологияға негізделген. Оның ені – 9 метр, бір белдікке түсетін жүктің салмағы 13 тоннадан асады. Демек, ауыр салмақты жүк көліктері үшін кедергі жоқ. Атырау-Астрахань күре жолының жобасы толықтай дайын.

ДӘУРЕН ЕРҒАЛИЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ АҚ АТЫРАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - 277 шақырымдық жол қайта жаңғыртуға қаралды. Ол 6 телімге бөлінген. Жұмыстар 2018 жылдың көктемінде басталады деп көзделуде.

Ұзындығы 600 шақырымдық Атырау-Ақтөбе күре жолының құрылысы аяқталғанда мұнайлы өңірден тасымалданатын жүк пен жолаушылар ағымы Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізіне қосылады. Ал Ақтөбе-Атырау-Астрахань автомагистралі жобасын қаржыландыру Ислам даму банкі арқылы жүзеге асады. Жобаға 80 миллиард теңге шамасында қаржы қарастырылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер