Қазақстан уран өндіру көлемін 10 пайызға азайтты. Бұл – соңғы 9 айдың көрсеткіші. Азиядағы ядролық кооперациялар форумының 18-отырысында осындай мәлімет келтірілді. Бүгінде елімізде уран өндірудің тиімді технологиялары жеткілікті. Және кез келген уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Өткен жылы уран өндірісі 24,6 мың тоннаны құрады. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш жоспар бойынша 22,1 мың тонна шамасында болмақ. Астанадағы форумда сондай-ақ, ядролық  ғылым мен технологияларды  қоршаған ортаны қорғауда қолдану мәселесі талқыланды. Ұйымға Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елі мүше.

ЭРЛАН БАТЫРБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Форумның басты міндеті – ядролы білім мен технологиялар саласындағы білім мен күшімізді біріктіру. Бүгінгі күні адамзат климаттың өзгеруі сынды мәселелерге тап болды. Осы жерде ядролық ілімнің көмегі зор.

FNCA форумы осыдан 17 жыл бұрын Жапонияның ядролық энергия жөніндегі комиссиясының бастамасымен құрылған болатын. Форумға мүше елдер радиациялық онкология, радиациялық қауіпсіздік және радиоактивті шығындылармен дұрыс жұмыс істеу сынды басты 8 бағыт бойынша әріптестік орнатқан.

ЁШИАКИ ОКА, ЖАПОНИЯНЫҢ АТОМ-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біздің әріптестігіміз Азия елдері арасында ядролық материалдарды жою бойынша күш біріктіруге арналған. Бұл бағытта біраз алға жылжу байқалады. Қазіргі таңда бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Сонымен қатар ақпарат алмасып, елдерге қаржылық қолдау көрсететін боламыз. 

Қазақстан бейбіт атомды дамыту жұмыстарын жалғастырмақ. Атом энергиясын қолдануда барлық әлемдік қауымдастықпен байланыс орнатылады, - дейді жиынға қатысушылар. Форумға қатысу еліміз үшін ядролық медицина мен ауыл шаруашылығы сынды салаларда жаңа тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер