Қытайда үш қазақ автономды аудан бар. Соның бірі – Ганьсу провинциясындағы Ақсай қазақ автономды ауданы. Ол 1954 жылы құрылған.  Шыңжаң өлкесінен шалғайда, миллиардтың ортасында жатқан елді-мекен. Соған қарамастан қазақылыққа тән барлық қасиет сақталған. Мәселен, орталық саябақта Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің мүсіні орналасқан. Ал, мәдениет және дене тәрбиесі орталығына барсаңыз, Құрманғазы Сағырбайұлы күйшінің мүсіні қарсы алады. «Бүркіт салу», «Қыз қуу», «Бәйге», «Қара жорға биі» сияқты салт-дәстүр мен ұлттық ойынның түрлері де осында.

ҚАБИАШ СҮМБЕКҰЛЫ, АҚСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Өз тілімізді ежелден төмен орынға қойып, әлсіреткен емеспіз. Қайта басты орынға қойып, тілімізді дамытып, қалпын сақтап, түрлі ата мұраларды еске түсіріп қана қоймастан, сызба рәсім, ойма суреттер арқылы жас ұрпаққа қалтырудамыз.

Әлемдегі ең оюлы қала деп Ақсайды айтуға болады. Көкте де, жерде де өрнектер. Көше шамдары киіз үй, домбыра пішінінде болса, енді бірде «қошқар мүйіз», «құс қанаты» сияқты оюлармен көмкерілген. Тіпті бұл мемлекеттік мекемелер мен полиция ғимаратында да кездеседі. Сондай-ақ, құмды, шөл далада орналасқан елді-мекен оншақты жылдан бері «ұлттар татулығының үлгісі», «ең таза, жасыл, мәдени қала» деген атағын ешкімге бермей келеді.

СӘРИДА ҚҰСЫМАНҚЫЗЫ, АҚСАЙ ҚАЗАҚ АВТОНОМДЫ АУДАНЫ ҮГІТ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Екі қытай әкім болған, бір ұйғыр әкім болған, 12 қазақ кісі біздің әкім болған. Осы тарихтан бері, 63 жылдан бері партиямыздың ұлттық саясаты ерекше абзал. Осы саясаттың арқасында біздің Ақсайымызда жасап жатқан 12 ұлттың арасында қайшылықтар болып көрмеген.

ҚАБЫЛАҚЫН МҰҚАРАБҰЛЫ, АҚСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Баланы шамамыз келгенше қазақша тәрбиелейміз енді. Қазақша сөйлесеміз, салт-санасын үйретеміз.

Қытайда жатқан Ақсай жыл сайын ауқымды шараларды да ұйымдастырып тұрады. Қазақ күресінен IX Азия чемпионаты осында өткен. Қазақ әдебиетінің үздіктеріне Ақсай сыйлығын тағайындап, марапаттап отырады. Биыл шаһардағы үлкен атшабарда үш қазақ ауданының ақындар айтысын да өткізді. Жалпы, ауданда үш мектеп бар. Бұрын қазақша оқыған балалар қазір қос тілде білім алып жүр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер