Тәуелсіз Қазақстан саяси және экономикалық даму жолында маңызды жетістікке қол жеткізді. Еуроодақтың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болып, елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырды. Бұл туралы Берлин Еуразиялық клубының 21-кездесуінде еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар мәлімдеді. Талқылауды Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі және Германия экономикасы Шығыс комитеті ұйымдастырды. «Экономикалық дипломатияны» насихаттау шеңберінде жиынға Қазақстанның әлеуметтік-саяси, сараптамалық және іскерлік топтары мен Еуроодақ өкілдері қатысты. Еуропалық сарапшылар сыртқы саяси бастамалардың және Орталық Азиядағы еліміздің тұрақтандырушы рөлінің маңызды екенін атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау және жартылай қолдану процесін талқылады. Бұл өзара қарым-қатынастың көкжиегін айтарлықтай кеңейтіп, серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 2016 жылдың мамыр айынан бастап бұл құжатты Еуроодаққа мүше 16 мемлекет ратификациялады.

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазіргі уақытта Қазақстан мен Еуропалық Одақ тең серіктес ретінде диалог жүргізіп жатыр. Биылғы жылы ЕО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықта үлкен серпін байқадық. Ағымдағы жылдың 7 айында арадағы сауда айналымы 27% -ға өсті. Әрине, мұнай бағасының оң конъюнктурасы бар. Дегенмен, осы келісім қос тарап арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.

ЛЮК ДЕВИНЬ, ЕУРОПАЛЫҚ СЫРТҚЫ ӘРЕКЕТТЕР ҚЫЗМЕТІНІҢ РЕСЕЙ, ШЫҒЫС ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ БОЙЫНША БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвесторы. Біз елдің аз ғана уақытта жеткен жетістіктеріне таңқалдық және болашағына сенімдіміз. Қазақстан - халықаралық аренада оң саясат жүргізетін ашық ел. ЕО сияқты, көрші мемлекеттермен тату. Бейбіт қарым-қатынастарды қалыптастырып,  өңірлік интеграцияны барынша дамытқан ел. Сондай-ақ, ЕО сіздің елмен барлық жаңа технологияларымен бөліседі. Бұл әрекеттер Қазақстандағы инвестициялық климаттың жақсы болғанына тікелей байланысты. Біздің инвесторларды қорғауда бұл өте маңызды рөл атқарады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер