Astana Media Week апталығында бүгін «Хабар» Агенттігіне қарасты арналар жаңа маусымының ашылу рәсімін өткізді.

Салтанатты шараға келгендер «Хабардың» технологиялық мүмкіндіктерімен қатар жаңа жобалары жайлы да кең мағлұмат алды.

Astana Media Week апталығы аясында өткен салтанатты шарада қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтті. «Хабар» арнасындағы жаңа маусым тұсаукесеріне келген сыйлы меймандар қатарында БАҚ саласы өкілдерімен қатар қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары бар. Халықтың ерекше ықыласына бөленген сахна шеберлері де бұл кәсіпті абыроймен алып жүргенін ескерсек, мереке баршаға ортақ. БАҚ саласында беделі мығым телеотбасы дәстүрден еш алшақтамай, құрамындағы 4 отандық арнаның жетістіктерін даралап, табиғаттың 4 тылсымына теңеді.

Ашылғанына көп бола қоймаған «Ел Арнаны» телешаңырақтың кенжесі деуге болады. Отандық киноиндустрия саласындағы алтын мұрағат картиналарын көрермен назарына ұсынып жүрген бұл арна өмірдің қайнар көзі – Суға теңелді. Kazakh TV бұл ретте Жер Ана кейпінде таныстырылды. Танымдық бағытты ұстанған бұл телеарна әлемнің 118 елінде үш тілде хабар таратады. Ал аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы тікелей байланыста үздіксіз жаңалық тарататын «Хабар 24» арнасы Ауа іспетті. Биыл 5 жылдығын атап өткен ұжымның да жаңа форматқа көшкенін айтқан болатынбыз.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- «Хабар» арнасының күзгі телемаусымы жаңа жобалармен толығып отыр. Олардың қатарында «Миллион кімге бұйырады?» атты әлемге белгілі зияткерлік ойыны да бар. Он жыл үзілістен кейін көрермен назарына қайта оралған халықаралық франшиза алғаш рет әлемдік эфирге 1998 жылы жол тартты. Қысқа уақыт ішінде көрерменін жинап үлгерген «Биле, Қазақстан!» жобасының екінші маусымы да «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Сондай-ақ «Алтын бесік» реалити-шоуы мен «Ана мен бала» бағдарламасы бар.

Ренат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

- «Хабар» Агенттігі биылғы 22-маусымға үлкен дайындықпен келіп отыр. Бүгінгі маусымда жаңа маусымның сүбелі жобаларын әріптестерге таныстыру мақсатында өткізіп отырмыз. Биылғы жылы «Хабар» Агенттігіне қарасты телеотбасының ішіндегі 4 арна: «Хабар», «Хабар 24», Kazakh TV және «Ел Арна» телеарналары Рухани жаңғыру тақырыбына ерекше басымдық беріп, көптеген жаңа жобаларды әзірледі.

Осылайша, «Хабар» Агенттігі ұстанған бағытын жалғастырып, контент жанрларының ауқымын кеңейте түспек. Оның қатарында әлеуметтік тақырыптағы отандық сериалдарға басымдық беріліп, шетелдік өнімдер де барынша сапалы етіп, қазақша дубляждалады.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер