Елордада Astana Media Week апталығы сала майталмандарының басын қосты. Орталық Азиядағы ең ауқымды медиаоқиға 2 мыңға тарта отандық және шет ел БАҚ өкілдерін жиды. Мақсат – ортақ істерінің бәсекелестігін арттырып, уақыт көшіне ілесіп, заман талабына сай болу, өзара байланысты дамыту мәселелерін кеңінен талқылау.

ЗАРЕМА ҚОЛҚОМБАЕВА, ҚЫРҒЫЗСТАН ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕРАДИОКОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Қырғызстан мен Қазақстанның медиа саласында еңбек етіп жүрген  продакшн- студияларды бір-бірімен таныстыру ойы бұрыннан бар еді. Қазақстан бұл мақсатқа жетудің бірегей алаңына айналды. Медиа Уик екі жақты әріптестікті жаңа сатыға көтеретін шара екенін сеніммен айта аламын.  

Апталық аясындағы «Контент-маркетте» телеарналардың көрмесі қанат жайып, араларында тікелей сұхбат ұйымдастырылды. Сондай-ақ, отандық сала білгірлері телеарна, кино өндіріс, шоу-бизнес, радио журналистика сынды салаларға қатысты шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибе алмасты.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Бірнеше күнге созылатын жиында осы саладағы соңғы өзгерістер мен сандық технологияларды дамыту, БАҚ-тың мәселелері талқыға салынады. Осының барлығы қатысушылар үшін озық тәжірибелермен танысып, шеберлік шыңдауға, жаңа технологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік.

Шара аясында өткен Astana Digital форумында интернет-басылымдардың жай-күйі, электрондық сауда, криптовалютаға көшу сынды өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, «Өңірлік БАҚ» форумы да ұйымдастырылып,  бүгінгі баспасөздің ахуалы және ақпараттық нарықтағы жаңа заңнамалар талқыға салынды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер