Оңтүстік Қазақстан облысы экспортқа жаңа тауар түрлерін шығаруды қолға алды. Мысалы, Шымкенттен шығарылатын вакуумдық түтікшелер Еуропада саудаланады. Жуық арада отандық өнім Ресей мен Өзбекстанның дәріханалары мен лабораторияларында сатыла бастайды.

ГҮЛИЯ ЖҮЗЕНОВА, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл ТМД елдерінің арасында жоқ зауыт. Оңтүстік кореяның технологиясымен ашылды. Бүгінгі таңда қондырғылардың 90 пайызы еуропалық. Бір жылда 70 млн-дай вакуумдық құрылғылар шығара аламыз. Екі жақты ине 30-дан 40 млн-ға дейін шығара аламыз.

Осыған дейін оңтүстік өңірінен экспортқа шығатын тауарлар тек азық-түлік, мақта-мата және ауылшаруашылық өнімдері ғана болса, ендігі жерде заманауи технология қолданып өндірілетін өнім түрлері де көбейіп отыр. Бұл тізім ортопедиялық құрал-жабдықтар, кілемдер мен жаңаша жасалған плиталар болып басталып, әрі қарай жалғасып кете береді. 

АЛМАС АБАЙДЕЛДИНОВ, ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ӨНДІРІСІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Көрсетілетін көмектің түрлері көп. Олардың бірі ставканы субцидиялау. Банктың ставкасы 14-15 пайыз болатын болса, 6-8 пайызын мемлекет қайтарады деген бағдарламаға біз келесі жылы өзіміздің өтінішімізді береміз. Себебі келер жылдан бастап біздің экспорттық көлеміміз сату көлемінен 10 пайыз жоғары болады.

«Экспортқа өнім шығаруды өрістетуде мемлекеттік қолдаудың нақты көмегі тиіп отыр»,-дейді мамандар. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге «Экспорт шығарушы-2020» баңдарламасына қатысу ұсынылуда. Бұдан өзге де экспортты қолдау мен өрістетуге бағытталған бағдарламалар жеткілікті.

ХИКМАТ РАИМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП, ИНДУСТРИЯЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Егер өндіріс орны жаңашылдық тәсілмен өнім өндіріп, ол өнім экспортқа шығатын болса, біз әкімдік тарапынан барлық жағдай жасауға дайынбыз. Сол үшін де бізде арнайы экономикалық аймақ бар. Ол жерде өндірілген өнімдер барлық салық түрінен босатылғандықтан бастапқы баға төмен болып, экспортқа тиімді бағада саудалауға мүмкіндік туады.

Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарының экспортқа шығарған өнімдерінің құны 700 млн АҚШ долларына жеткен. 2020 жылға қарай облыстың өзге елдерге сататын  тауарлардың саны мен түрі әлдеқайда көбейе түспек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер