Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы 15 мемлекеті бірігіп, OIC-15 форумын құру туралы Елбасының ұсынысын түркиялық сарапшылар да кеңінен талқылап жатыр. Ахи Эвран университетінің профессоры саясаттанушы Куршад Зорлудың айтуынша, ислам әлемі ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру үшін күш біріктіруі тиіс. «Бұл бағытта  Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылым мен инновациясы өркендеген батыс елдерімен ынтымақтастықты арттырып, ашық диалог орнату бастамасы құптарлық»,-дейді сарапшы.

КУРШАД ЗОРЛУ, АХИ ЭВРАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Ислам мемлекеттерінің білім саласына бөлген қаржысын қосып есептесек, батыс елдерінің 5-тен бірін құрайды. Яғни еуропалықтар жалпы ұлттық өнімінің 5,1%-н, ал біздер 1,1%-н білім мен технологияға жұмсаймыз. Бұл өте төмен көрсеткіш және ол сәйкесінше арттырылуы тиіс. Қазақстанның батыспен де, ислам елдерімен де байланысы бекем. Мысалы ол OIC-15 шеңберінде ғылыми-технологиялық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқара алады, деп есептеймін.

Ислам мемлекеттері ғылымның дамуына баса мән беруі керек. Бауырлас елдер осы бағытта жұдырықтай  жұмылса, игі дейді әзербайжандық саясаттанушы Эльман Насиров. Оның айтуынша, Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы саммитін өткізіп, ілгері басар тың қадам жасады. Республика беделі артып, жаһандық қауымдастыққа елеулі үлес қосып келеді. Бірқатар маңызды бастамалардың қолға алынып, жоғары дейгейде халықаралық кездесулердің ұйымдастырылуы, осының жарқын айғағы,-дейді саясаттанушы.

ЭЛЬМАН НАСИРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Физика мен химия секілді терең ғылым бойынша мұсылман елдерінен тек екі адам Нобель сыйлығына ие болған. Ислам мемлекеттерінің осы салаға бөліп жатқан қаражаты олардың Жалпы ішкі өнімінің 0,8 пайызын ғана құрайды. Салыстыра қарасақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш 2,9 , ал Израильде 4,4 пайыз. Самиттің өзектілігі де сондықтан. Қазақстан өзіне бауырлас елдердің басын қосып, маңызды бағытқа бастамақ. Экспо 2017 халықаралық көрмесінің өткізілуі де елдің абырой-беделін көрсетері сөзсіз. Мемлекет басшысының Джи 20 форматына балама құру туралы жоспары да маңызды. Бұл тілі мен діні жағынан жақын одақтас елдерді біріктіретіні анық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер