Жыл басынан бері еліміздің машина жасау саласында едәуір өсім байқалады. Қаңтар-тамыз айларының аралығында өндіріс көлемі 6,3 пайызға артып отыр. Ресми мәліметке жүгінсек, биыл елімізде 10 мыңға жуық автокөлік құрастырылған. Трансформатор шығару ісі екі есе ұлғайып отыр. Сол секілді вагон өндірісі де артып, жалпы көлемі 31 миллиард теңгеден асты. Қазақстандық машиналар негізінен Қытай мен Ресейге экспортталады. Дегенмен, саладағы импорттың үлесі экспортқа қарағанда басым. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру – басты міндет.

ТИМУР НҰРАШЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Машина жасау саласының басты бағыттары бойынша айтатын болсақ, биылғы жылдың 8 айында автокөлік құрастырудағы өсім 36,8% құрады, 10 мыңнан аса автокөлік шығарылды. Сонымен бірге, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жиналған жеңіл көліктер саны 4,7 есеге көп. Индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы машина жасау саласында  жалпы құны 260 млрд теңге болатын 100-ден аса жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жұмыс орны құрылды.

Қазақстандық машина жасау саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан Екібастұздық кәсіпорын теміржол кластерінің өндірістік қуатын арттыруға көшті. «Проммашкомплект» зауытында дөңгелектерді шығару және бұрама жабдықтарды жаңғырту ісі басталды. Технологиялық қайта жабдықтау жұмыстары 2018 жылдың басында аяқталады. Ол кезде кәсіпорын өнім сапасын арттырып қосымша тағы да 400 адамды жұмыспен қамтитын болады. Зауыт теміржол осьтері мен дөңгелек жұптарын шығаруды еселеп, өндірістік қуатын арттырады. Былтыр іске қосылған компания биыл өзінің бір жылдығын атап өтті. Кәсіпорын әлі толық өндірістік қуатына көшкен жоқ. Жоба бойынша жылына 32 мың теміржол осі мен 10 мың дөңгелек жұптарын шығаруға қауқарлы.

АЛЕКСАНДР СЛОБОДОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз бүгінгі таңда өнім көлемін арттырып отырмыз. Жүк көліктеріне қажет осьтар мен дөңгелек жұптарын шығарамыз. Біздің дөңгелектеріміз қазақстанның жолдарында жүріп жүр. Жаңа  өнімдерді сертификаттап жатырмыз. Ол 25 тонналық жүк көтеретін вагондарға арналған. Бұл жаңа вагондар, оған биылдан бастап кірісеміз.

Ал Петропавл қаласында өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері құрастырылады. Инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында машина жасау кластерін құру келісіміне қол жетті. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы 65 млрд теңгені құрайды. Индустриалды аймақта ауыл шаруашылығы техникасы да шығарылмақ. Бұл 3 мыңдай адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

ВАН ТЯН ДЭ, ИНВЕСТОР:

 - Біз қолға алатын жоба – индустриялық машина жасау аймағы. Петропавлда техника құрастырып, оқу орталығын ашу жоспарымызда бар. Жобаның бірінші кезегі екі жылдан кейін іске асып, бір мыңға дейін жұмыс орны құрылмақ. Қазақстанның солтүстік өңірі бізге аса қолайлы, бұл жерде өнеркәсіп кәсіпорындары көп және логистика жақсы дамыған.

Инвесторлар кеңесінің отырысына Италия, Индонезия, Литва, Голландия, Австралия, Ресейдің іскер азаматтары да қатысып, бірнеше сала бойынша маңызды құжаттарға қол қойды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер