АҚШ пен Ұлыбританияның туристік компаниялары Қазақстанға жаңа бағыттар аша бастады. Шетелдік жолаушылардың алғашқы легі елімізге келесі жылы келмек. Британдық туристік компанияның жетекшісі Харриэт Эванстың айтуынша, «Ұлы дала еліне келуді жоспарлап отырғандардың арасында бірнеше құрлықтың тұрғындары бар». 

ХАРРИЕТ ЭВАНС, SPECIALIST JOURNEYS ТУРИСТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз мемлекеттің тарихы мен ежелгі мұраларын негізге аламыз. Тұтынушыларымыз арасында сұрау жүргізгенде, олар Қазақстанды бірінші орынға қойды. Біздің туристеріміздің арасында Канада мен Австралия сияқты елдердің азаматтары бар. Біз қазір 2018-2019 жылдарға топ жинап жатырмыз. Олар Орталық Азия және Жібек жолымен жүріп өтеді. Сапарымыз Алматыда басталып, Тараз, Шымкент, Астана қалаларында жалғасады.  

Шетелдік туристер бұдан бөлек тағы бірнеше тарихи орындарды аралап шығады. Олардың ішінде «Отырар» мен «Тамғалы» кешендері, «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркі және Түркістан, Қызылорда, Байқоңыр шаһарлары бар.  

ХАРРИЕТ ЭВАНС, SPECIALIST JOURNEYS ТУРИСТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз өз тұтынушыларыздан жылы сөз естігенімізге қуаныштымыз. Бастапқыда бұл жобаның болашағы бұлыңғыр көрінген еді, кейіннен жақсы нәтиже бере бастады. Қазақстанға барғысы келетін туристердің саны артып келеді. Жібек жолы жайлы білгісі келетіндер де аз емес. Сондықтан біз Қазақстанмен жұмыс істегенде тек қалаларды аралаумен шектелмей, тарих пен бай мұраларыңызды насихаттауға тырысамыз. 

Ал Римдегі туристік агенттіктің басшысы «Саяхатшылар Орталық Азиядағы Ұлы дала еліне керемет пейзаждар мен ерекше мәдени ескерткіштерді тамашалау үшін барады»,-дейді. Италиялықтарды әсіресе Тамғалы шатқалындағы жартас бетіндегі суреттер, Бесшатыр қорғандары, Шарын шатқалы мен Жібек жолындағы көне қалалар қызықтырады. Қазақстанның мәдени байлығын бүкіл әлемге таныту - Ұлт жоспарында көрсетілген мақсаттардың бірі.

ШИРИН СОЛЬТАНИ, SHIRAZ TRAVEL TOURS ТУРИСТІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Маған Қазақстанның оңтүстік аймағы ұнады. Онда Иран немесе Таяу Шығыстағыдай  ірі археологиялық алаңдар болмаса да, ежелгі ескерткіштер көп. Олардың ішінде Тамғалы петроглифтері мен 3-4 мың жылдық тарихы бар Бесшатырдағы үлкен обалар ерекше. Мен сияқты елдеріңізден ерекше әсер алғандар аз емес. Сондықтан биыл Қазақстанның солтүстігіне тур ұйымдастырдым. Оның аясында саяхатшылар Астанаға да сапарлайды.

Қазақстан Оман мемлекетімен де екіжақты туризмді дамытпақ. Еліміздің дипломаттары қазір өз азаматтарымыз үшін визалық тәртіпті жеңілдетуге күш салып жатыр. Қатаң визалық тәртіпке қарамастан Оман елінің туристік әлеуеті артып келеді. Қазақстанда да саяхатшылар үшін қызықты орындар жеткілікті.

ЕРЖАН МҰҚАШ, ОМАН СҰЛТАНДЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Оманның оңтүстігінде Дофар провинциясы бар. Сол жерде жыл сайын 21 маусымнан 21 қыркүйекке дейін керемет табиғи құбылыс болады. Ауа температурасы үш ай бойы 45 тен 25 градусқа төмендейді. Олар мұны күз деп атайды. Сол кезде жергілікті тұрғындары да, шетелдіктер де аталған аймаққа демалысқа аттанады. Бір қызығы 21 қыркүйек өтісімен ауа температурасы кенет ысып кетеді. Омандықтар бізге Қазақстанға келгенді ұнатады, оларға біздің ел қызығырақ. Биыл аталған елден жүздеген адам Астанаға барып EXPO-2017 көрмесін тамашалады. Оларды біздің тұмса табиғат қызықтырады.

Қазақстан шетелдіктер үшін тарихи ескерткіштердің сан алуандығымен тартымды. Сондықтан еліміз ашық аспан астындағы музей ретінде Үндістан, Қытай секілді Жерорта теңізі жағалауы және Таяу Шығыс елдерінен қалыспайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер