Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі міндеттердің бірі – ішкі туризмді дамыту. Табиғаты керемет Алматы облысының туристік әлеуеті зор. Саяхатшылардың қызығушылығын тудыратын нысандардың бірі – Бұрханбұлақ сарқырамасы. Ол Жоңғар Алатауының шығыс беткейінде орналасқан.  Бұл – Орталық Азиядағы ең биік сарқырамалардың бірі. Оның биіктігі – 112 метр. Суы дертке дауа, жанға шипа болып келеді. Арнайы ұйымдастырылған сапарда 30 адамнан құралған саяхатшылар тобы Бұрханбұлақ басындағы лингвистикалық лагерьге тоқтады.

РУСТАМ АЛПЫСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біздің мақсатымыз  - осы инфоквест пресс-туры арқылы біздің жастарымызды заманауи технологиялардың, соның ішінде кейбір кезде зиян, кейбір кезде керексіз гаджеттерден, мобильді технологиялардан үзіп, осы ата-бабаларымыз көрген, таңдаған, насихаттаған, аңыз әңгімелері осы жерден бастау алған жерлерге алып келіп көрсету.

МАКСИМ РОЖИН, БЛОГЕР:

 - Бұл жалпы сананың жаңғыруы. Өте керек дүние. Біріншіден, өзге елге асықпас бұрын өз елімізді танып алуымыз керек.

Бұрханбұлақ басында белгілі блогерлердің қатысуымен жас журналистерге арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Жастарды туған өлкенің тұмса табиғатымен қатар қатпарлы тарихы да қатты қызықтырады. Бұл жердің тарихы Бұрхан мен Қораның ғашықтық хикаясынан басталады. Бірі ауқатты, екіншісі жарлы отбасынан шыққандықтан, қос ғашықтың қосылуы мүмкін емес еді. Сол себепті анасы тау басынан қамал салғызып, Бұрханды соның ішіне қамап қойған деген аңыз бар.

БАҒЛАН САБАНШИЕВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ТУРИСТІК ЖӘНЕ ӨЛКЕТАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұрхан өз ғашығын сағынып, қамалды жарып шыққан. Содан қазіргі уақытта Бұрхан сарқырамасы мен Қора өзені мәңгі-бақи бірге боламыз деп екеуі бірге осы Қора шатқалында ағып жатыр, түйіскен.

Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқан сарқырама облыс орталығы Талдықорғаннан 100-ақ шақырым жерде. Алайда онда жету үшін жол талғамайтын көлікпен 7-8 сағаттық жол жүру керек. Бұл аймақты туристік бағытқа айналдырудың бірден-бір шешімі – ол инфрақұрылымын жақсарту. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер