Қазақстанға келетін саяхатшылар қатары артты. Былтырғы жылмен салыстырғанда шетелдік туристер саны 20 пайызға өскен. 2017 жылдың алғашқы алты айында елімізге 3 млн 600 мың саяхатшы келіп-кеткен екен.

Отандық туризмге елордада өткен ЕХРО халықаралық көрмесі серпіліс бергені анық. Осындай деңгейдегі шара өткізгеннен кейін елге туристерді тарту жұмысын тоқтатуға болмайды, дейді мамандар. Сол себепті бас қала басшылығы арнайы стратегия әзірлеп, Астананы туризм орталығына айналдыруды жоспарлап отыр. Осылайша, 2020-сыншы жылы елордамызға 1 миллион шетелдік турист тартуды көздейді. Басымдық Ресей, Қытай, Түркия мен Германия елдеріне беріледі.

ӘЛІШЕР ӘБДІҚАДЫРОВ АСТАНА Қ. ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біз туризмді дамытудың 3 бағытын анықтадық. Біріншісі - іскерлік туризм. Қазір Астанада халықаралық деңгейдегі конгрестер мен көрмелер өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Екіншіден, қалаға келген азаматтар уақытын қызықты өткізу үшін мәдени орталықтар, музейлер санын арттыру керек. Ал соңғысы медициналық туризм. Оған бізде медициналық орталықтар мен білікті мамандар жеткілікті.

ЕХРО көрмесінің қонақтары Астанамен шектелмей, ел аймақтарына сапарлап қайтқан. Шетелдіктер көп барған бағыттардың бірі – Шығыстың жауһары саналатын Катонқарағай ауданы. Мұнда туризм саласын дамытуға барлық жағдай жасалған. Ауқымды жобалар да қолға алынған. Бір ғана ұлттық табиғи паркте меймандар үшін 13 арнайы бағыт пен тынығу үйлері салынды. Саланы дамытуға жергілікті кәсіпкерлермен қатар шетелдік инвесторлар да үлес қосып отыр. 

АХМЕТҚАЛИ НҰРҒОЖИН, КАТОНҚАРАҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Шетелдік инвесторлар қаржыландырған үлкен жобамыз Катонқарағай бұғы паркі. Оған 480 млн теңге салынды. Қазір ауданда маралшаруашылығын дамытып, етін өңдеуге, панты өнімдерін өндіруге көңіл бөліп жатырмыз. Жоспарымыз түгел орындалады деп сенемін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер