Орталық Азия мемлекеттері географиялық тұрғыдан бірлескен өңір болып саналады. Бұған дейін әр түрлі себептерге байланысты бұл аймақтағы елдердің байланысы берік емес еді. Үлгі ретінде Қазақстан мен Қырғыз Республикасы сан салада серіктестік орнатты. Мұндай өңіраралық ынтымақтастық, әсіресе экономикалық байланыс барлық мемлекеттер үшін тиімді болары анық. Сондықтан, қырғыз сарапшылары Орта Азияны жақындастыру бастамасын Қазақстан қолға алса, қорытындысы нәтижелі болады деген пікірмен бөлісті.  

СЕЙТЕК КАЧКЫНБАЙ, САЯСАТТАНУШЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

 - Қазақстанның либералдық экономикасы бұл жоспарда маңызды рөл атқаратын еді. Бастаманы нақты қолға алып, экономика мен саясат арасына шекара қойылуы керек. Ия, әр мемлекеттің өзіндік саяси тәртібі бар. Дегенмен, саясат экономиканың еркін қозғалысына кедергі болмауы шарт. Сонда ғана, өңіраралық сауда-саттық жоғары деңгейге жетері анық. 

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан мен Түркменстанға жасаған іс сапарлары Орта Азия мемлекеттерінің ұстанымдарын жақындату үдерісіне жаңа серпін бергені анық. Астана мен Ашхабад арасындағы тиімді қарым-қатынастың ресми бекітілгенін ескерсек, Ташкент қаласымен серіктестік те да жақын арада нәтижелі болуы ықтимал. Сарапшылардың пікірінше қазақстанның мүддесі экономикалық байланысты кеңейтуге бағытталып отыр. Ал, Қырғыз Республикасы Өзбекстанмен ең бірінші, мемлекеттік кеден және шекаралық сауда жайлы мәселелерін шешуді жоспарлаған.    

ИГОРЬ ШЕСТАКОВ, САЯСАТТАНУШЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

 - Бүгінде біріккен одақ құру үшін мүмкіндік туып тұр. Неге дейсіз бе? Себебі экономика мен қауіпсіздік туралы мәселелерді бірігіп шешу жеңіл әрі тиімді. Мәселен, қаржы жағын алатын болсақ, мемлекеттің аудандарында өндірілетін өнім мен тауарлар Орта Азиялық барлық мемлекетке еркін тасымалданатын еді.

Өңірааралық байланыс мемлекетте экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына кепілдік береді. Сондай-ақ, ұлтық қауіпсіздікті де нығайтады. Жаһанда болып жатқан қауіп-қатерді ескерсек, Орта Азия мемлекеттерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлікте болуы өте маңызды рөл атқарады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер