Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 72-інші сессиясы аясындағы жалпы пікірталаста Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөз сөйледі. Ол Ұйымға мүше 193 ел алдында заманауи Қазақстанның даму жолдары мен мемлекеттің негізгі ұстанымдарын түсіндірді. 21 ғасырдағы адамзат үшін ең маңызды мәселе - әлемді ядролық қарусыздандыру кезеңіндегі Президенттің бастамаларына баса назар аударды. Министр Қазақстанның БҰҰ-ның көп жақты дипломатиясына сай   аймақтық хаб құру бағытында жұмыс істеп жатқанын және терроризмсіз әлемге жетелейтін Кодекс әзірлеуге кіріскенін мәлімдеді. Елбасы бастамасымен Сириядағы ахуалға орай өткен Астана процесіндегі келіссөздердің маңызына тоқталып, нәтижесі бойынша қауіпсіздік аймағы құрылатынын атап өтті. Әлемдік даму деңгейіне бағытталған "Болашақ энергиясы" тақырыбында ЕХРО 2017 көрмесі және Ислам ынтымақтастық ұйымының технология мен ғылым бойынша алғашқы саммитінің сәтті өткенін жеткізді. Министр өз баяндамасында Қазақстанның үшінші жаңғыруын көздеген Президент жолдауын да тілге тиек етті.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз экономикалық көрсеткіштер мен басқару тұрғысынан ең озық дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 30 елдің бірі болуға ұмтыламыз. Экономикалық өсіп-өркендеудің жаңа моделі осы өршіл мақсаттарға жету жолын айқындайды.

Жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның ролін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде атап өтті. Отырыс жаппай қырып-жою қаупі бар қаруларды тасымалдауға жол бермеу тақырыбында өткен болатын.

РЕКС ТИЛЛЕРСОН, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 - Қазақстан Республикасы ядролық қарудан бас тарту арқылы көптеген мемлекетке үлгі болды. Бұл батыл шешім ядролық қаруды, оның құрылымын, технологиясын қатыгездердің қолына түсуден екі есеге дейін азайтты. Осы қадам мемлекеттің БҰҰ мүше болуына септігін тигізді. Әлем Қазақстанға ядролық қаруды жоюшы ретінде қарамайды. Керісінше, қазақ елі барлық көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатқан. Биыл Қазақстан әлемге болашақ энергиясын насихаттап, елдің экономикалық мүмкіндігін көрсететін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді. Сондықтан, өңірлік және әлемдік дамуға мемлекет айтарлықтай үлес қосып жатыр деп есептеймін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер