Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған Астанадағы кездесу нәтижелі өтті. Кепіл мемлекеттер Түркия, Ресей мен Иран Идлиб провинциясын тұрақтандыру үшін 500 бақылаушы жібереді. «Қазірдің өзінде өңірде қарулы қақтығыстар азайып, жағдай реттеле бастады. Төртінші қауіпсіз аймақтың құрылуын Астанадағы дипломатияның жемісіне балауға болады», - дейді Еуразия экономикалық зерттеулер орталығының төрағасы Хикмет Эрен.

ХИКМЕТ ЭРЕН, ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Астана процесінің алғашқы кездесуі есімізде, тараптар тіпті бір үстелдің басында отыруға қарсылық білдірген болатын. Алайда қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Келіссөзге қатысушылар арасында өзара сенім пайда болған көрінеді. Өйткені жиында Сирияның келешегі үшін тағдыршешті шешімдер қабылданып жатыр. Идлиб төртінші қауіпсіз аймақ ретінде белгіленді. Егер қатысушы тараптар тағы да ерік-жігер танытса, онда Шам елінде азаматтық соғыстың аяқталар күні де алыс емес. Алайда соғыстан кейінгі Сирия қандай болады? Бұл да ойландыратын өзекті мәселе. Меніңше, алда Астана мен Женевадағы жиын көкейде тұрған осындай түйткілді сауалдардың түйінін тарқатып беруі тиіс.

Британиялық The London Post газетінің бас редакторы, доктор Шахид Куреши Астана процесінің ақыр-аяғында дипломатиялық табыс әкелетіндігіне сенімді. Ол сондай-ақ, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделді саясаткер және медиватор ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

ШАҺИД КУРЕШИ, THE LONDON POST ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы өте дұрыс. Президенттің мұсылман әлемінде беделі ерекше екенін ұмытпаған жөн. Өйткені Қазақстан бүгінде Ислам мемлекеттері ұйымына төрағалық етіп отыр. Бұдан бөлек, посткеңестік кеңістіктегі елдермен өзара сенім орнатқан мемлекет екенін де естен шығармау керек. Ал, Сирияның Ресейге айтары көп. Меніңше, Назарбаев сол елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқанын пайдалана отырып, қақтығысты оңынан шешуге ықпал еткісі келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер