Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы жаңа кезеңге көтеріледі. Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік салаларындағы байланысты нығайта түседі. Елбасының көрші мемлекетке жасаған сапарынан сарапшылар осындай ой түйген.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Аймақтағы әріптестікті жаңа бір деңгейге шығару үшін өте жақсы бастама. Өзбекстанда биліктің алмасуы, Ташкенттің позициясының өзгеруі интеграциялық ұсыныстар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ресми Ташкентпен бұрын-соңды болмаған келісімдерге қол жетті. Мәселен, соңғы бір жылда сауда айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын құраған, енді осы көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Мәселен, биылғы 6 айда өзара тауар айналымы 35 пайызға артты.  Ташкентте өткен бизнес форум екі елдің экономикалық қарым-қатынасына қарқын қосары сөзсіз. Оның аясында өткен көрмеге 70-ке жуық қазақстандық компания қатысты. Көлік құрастыру, фармацевтика, құрылыс, IT саласының мүмкіндіктері, Назарбаев Унивеститетінің білім-ғылым, медицинада қол жеткізген жетістіктері таныстырылды. Өзбек кәсіпкерлерінің біздің өнімдерге қызығушылығы зор.

АЙДАРХАН ӘЛІМБАЕВ,  «АЗАЛА ТЕКСТИЛЬ» ЖШС ӨКІЛІ:

 - Қазақстан әскеріне жаңа мата дайындап жатырмыз. Сол матаны мына жаққа әкеліп, көрсетіп жатырмыз. Өзбекстанның әскери қызметкерлері соны көріп, қызығып жатыр, олар бұл матаны Ресей, Белоруссиядан алады екен. Ол матаның ерекшелігі - жыртылғанда сөгіліп кетпейді. Біз жақын тұрамыз ғой, сондықтан оларға өте пайдалы.

Екіжақты алыс-берісті арттыруға тауар тасымалы мен көлік қатынасын оңтайландыру шаралары сеп болмақ. Осы ретте Қазақстан парламентінің төменгі палатасы қос елдің арасындағы автомобиль қатынасы туралы xаттаманы бекіту жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, айтуынша жыл соңына дейін жаңа бағдар іске қосылуы тиіс. Алғашқы автобус Шымкент-Ташкент бағытында қатынайды.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Біз осы жылдың соңына дейін Өзбек тарапымен бірнеше маршрутты ашамыз деп келістік. Бізде арнайы араласқан комиссия бар. Сол комиссияда осы маршруттардың кестесін, өзін келістіріп шешім қабылдаймыз. Енді біріншіден арнайы коридор беріледі. Осы тұрақты автобуспен баратын жолаушылар кезексіз бірінші болып өтетін болады. Бұл жолаушыларға өте ыңғайлы болады.

УӘЛИХАН ҚАЙНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Көлік және транзиттік тасымалдару саласы екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттары болып табылады. Сонымен қатар 2006 жылы 26 наурызда қол қойылған  халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісімнің қабылдануы халықаралық автомобиль қатынасын дамыту және жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасауға ықпал етті.

Айта кетейік, өткен жылы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өткізу бекеттері арқылы 8 млн 200 мың адам өткен. Ал, тұрақты бағдар іске қосылса жолаушылардың қатары 12 млн-ға жетуі тиіс.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер