Үш жылдан соң алып кемелермен Каспийде саяхат жасау мүмкін болады

Маңғыстау облысында «теңіз туризмін дамытуға» арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Енді үш жылдан соң алып кемелермен Каспийде саяхат жасау мүмкін болады. «Каспийге саяхат» жобасы аясында жолаушылар лайнері теңіз жағалауындағы 5 елдің порттарына аялдайды. Қазір арнайы тапсырыспен Ресейде жолаушылар кемесі құрастырылып жатыр.

 

ГҮЛЖАН БАЙЖАУЫНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Каспий теңізінің толқыны жыл он екі ай таудай тулап жатады. Сондықтан жолаушылар кемесі арнайы осы теңіздің климатына сай құрастырылуда. Саяхатшыларды таситын су көлігі 2019-шы жылы сынақтан өтеді де, 2020 жылдан бастап іске кіріседі. Біз осы уақытқа дейін саяхатшыларды қабылдау, қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын аяқтауымыз қажет.

Ақтауда сондай-ақ, су асты спортын дамыту қолға алынбақ. Жағалауда ірі дайвинг орталығы салынатын болды. Орталық арнайы құралдармен жабдықталады. Онда кез-келген турист теңіз түбіне сүңгіп, Каспийдің кереметтерін тамашалайды.

 

ОЛЕГ МОРОЗОВ, ДАЙВ-ПАРК ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

 - Паркті тақырыптық аймақтарға бөлу ұсынылып отыр. Суға кеткен кемелер, тарих, карталар. Дайв-парктің мемлекет меншігінде қалғаны дұрыс сияқты.

 

Сары алтын құмы, мөлдір суы бар аймақта жағажай туризмі дами бастады. Қазір жағалауда заман талабына сай бірнеше жағажай мен демалыс орындары салынып жатыр. Сондай-ақ, аймақта алғаш рет акватакси қызметі жұмыс істей бастады. Қала тұрғындары мен қонақтар ыңғайлы су көліктерімен бір сағат бойы теңізде серуендей алады.