Елбасының Өзбекстан мен Түрікменстанға жасаған мемлекеттік сапарлары тарихи мәнге ие, дейді сарапшалар. Мысалы, Астана мен Ташкент арасында 10 құжат бекітілді. Екі жақ сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық салалардан бастап, тұтас аймақ үшін маңызды саналатын энергетика, су мәселелері бойынша келісімге келді. Соңғы бір жылда өзара сауда-саттық 1 жарым млрд АҚШ долларын құраған. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу жоспарда бар. Халықаралық шолушы Саят Жөкенұлы осы жолғы келісімдер діттеген мақсатты орындауға зор септігін тигізетінін айтады. 

 

САЯТ ЖӨКЕНҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШОЛУШЫ:

 - Өзбекстан мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық байланыс жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 35 пайызға артты деп айтылып жатыр. Бұл да өте маңызды мәселе. Себебі, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыс үлкен нарық қалыптастыра алады. Сондықтан, адам саны жағынан да, ішкі алыс-беріс жағынан қазақ-өзбек қатынасы әлі алда деп ойлаймын.

 

Қазақстан Президентінің Ташкент пен Ашхабадқа баруы айтулы тарихи оқиға деген пікірмен тарих ғылымдарының кандидаты Асқар Нұрша да келіседі. Сарапшы еліміздің тауарлары мен тұрғындары үшін шекарадан өтуге оңтайлы келісімдер жасалғаны Орталық Азия аймағының экономикасына оң әсерін тигізетінін айтады. Әсіресе, энергетика мен транспорт саласындағы ынтымақтастық бірнеше ірі технологиялық жобаларға серпін береді. «Нұрсұлтан Назарбаевтың көрші елдермен тату тұруға бағытталған адами қарым-қатынасының арқасында аймақтағы бейбітшілік пен келісім сақталып келеді», - дейді сарапшы-маман.

 

АСҚАР НҰРША ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ФИЛИАЛ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз өзбек тарапының да, Түрікменстанның да қарым-қатынасты дамытуға деген қызығушылығын байқап отырмыз. Бұл дегеніміз – тату-тәтті өмір сүріп жатқан көршілерге тән жағдай. Осының арқасында қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтеріліп, үлкен қадамдар жасалды. Қол қойылған келісім-шарттар біздің еліміз бен көрші мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың негізін қалайды. Сондықтан, ендігі кезектегі кездесулер мемлекет басшыларының деңгейінде ғана емес, қарапайым тұрғындар арасында да жалғасу керек. Біз енді Қазақстан халқының Өзбекстан мен Түрікменстанда еркін жүріп-тұруына жағдай жасауымыз қажет. Сол сияқты өзбек пен түркмендер де біздің елде өзін қауіпсіз сезінуі керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер