Астана процесі – Қазақстанға деген сенім деңгейінің өлшемі, дейді француз профессоры Альбер Фишлер. Ол Сирияға қатысты келіссөздерді өткізуге қолайлы ел ретіңде Қазақстанның таңдалуында үлкен мән жатыр деген пікірде.

 

АЛЬБЕР ФИШЛЕР,  ПРОФЕССОР:

 - Қазақстан тәуелсіздік жариялағалы бері бейбітшілікті жақтап дауыс беруде. Оған айғақ – Семей полигонының жабылуы. Сол кездің өзінде әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Және дүние жүзіне үлгі бола алатынын паш етті. Қазір де Қазақ елі бейбітшілік бесігі. Сондықтан да, Сирияға қатысты келіссөздер Астанада өтті. Мәмілеге келу, ортақ тіл табысу – қазақтың қанында бар қасиет. Бұл тұрғыда да қазақтар әлемге үлгі бола алады.

 

Сириядағы соғысты тоқтатуға бағытталған Астана процесінің нәтижелі болуына қазақстандық дипломаттардың қосқан үлесі зор. Өйткені, олар бір-біріне қырын қараған қос тарап өкілдерінің келіссөзге алаңсыз атсалысуы үшін жағдай туғызды. «Арағайындық жасау арқылы Араб еліндегі ахуалды бейбіт жолмен реттеуге Қазақстан зор үлес қосты», - дейді ресейлік саясаттанушы Дмитрий Верхотуров.

 

ДМИТРИЙ ВЕРХОТУРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Астананың бейтарап келісім алаңын ұсынуы ізгі ниет, игілікті іс. Ушыққан ахуалды жақсартуға қосылар зор үлес. Тараптар бәрібір қазақстандық дипломаттармен де ақылдасып, кеңесетін еді. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңес беру арқылы болашақты жақсартуға оң ықпал ете алады.

 

Ка' Фоскари университетінің профессоры, Халықаралық саяси зерттеу институтының ғылыми қызметкері Альдо Ферраридің пікірінше, Астананың Азиямен де, Еуропамен де бірдей қарым-қатынас жасауы, халықаралық сахнада маңызды рольге ие болуына мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Қазақстан бейтараптық ұстана отырып, ең қиын қақтығысты шешуге атсалысып отыр.

 

АЛЬДО ФЕРРАРИ, КА' ФОСКАРИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Мәселе бұл жерде шешімі табылмай тұрған ең қиын қақтығыс жөнінде болып отыр. Астана да, әлемнің басқа елдері де бұл трагедияны тоқтататындай еш амал тапқан жоқ әзірге. Алайда, Астана келіссөз жүргізу үшін өз алаңын ұсынды. Мұны барлық тараптың қабылдағаны өте маңызды. Әлемдік қауымдастық сіздің елді сенімді әрі байыпты мемлекет ретінде танып, ең қиын сұхбат өткізуге болады деп сенім артып отыр. Өйткені, бұл Таяу Шығыс және халықаралық қақтығыстармен байланысып жатқан күрделі мәселе. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер