«Денсаулық. Қайрат. Достық». Ашхабад төрінде ашылған Азия ойындары осындай ұранмен өтеді. Жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта ұйымдастырылған 5-ші Азия ойындарының ресми ашылу салтанатына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар, Армения, Ауғанстан, Молдова, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары қатысты.

Мұндай деңгейдегі xалықаралық шараны Түркменстан алғаш рет қабылдап отыр. Сондықтан барын салды. Айтулы сәтте бауырлас ағайынды Нұрсұлтан Назарбаев қолдап отыр. Ұшақтан түсе сала әріптесі Гурбангулы Бердімұxамедовпен қауышып, қазақ елінің ыстық ықыласын жеткізді.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Осындай жағдайларда көрші, бауырлас халыққа қолдау көрсету – міндет. Сіздерді жабық ғимараттардағы Азия ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болғандарыңызбен құттықтаймын. Қаншама спорттық нысандар тұрғызылды. Соның барлығы халыққа қалады. Осындай шаралар Түркменстанды, оның астанасын көбірек тануға, елдің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін бар әлемге паш етуге мүмкіндік береді.

 

ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰXАМЕДОВ, ТҮРКМЕНСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Сіз ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздіңіз. Осынау өңір үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараны ең жоғары деңгейде ұйымдастыра алдыңыздар. Бүгінде сіз бен біз осындай биік шыңдарды бағындырудамыз. Біздің жабық ғимаратта өтетін және жауынгерлік өнер сынға түсетін Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысуға жасаған ұсынысымызды қабыл алғаныңыз үшін ризашылық білдіремін. Бұл біздің ортақ мерекеміз саналады.

 

Елімізден барлығы 150 спортшы Ашxабадқа табан тіреді. Жүзден жүйріктер ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді жігерлендіріп, қайратын қайрау үшін  жарыс алдында арнайы кездесу өткізді. Отандастарымыз спорттың 17 түрінен бақ сынасады. Ең ауқымды делегацияның бірі - біздің мемлекет. Бұған дейін өткен ойындарда үздіктердің қатарынан көрінді. Осы жолы да өткен нәтижелерді қайталаймыз деп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер