Көне Сарайшық қаласының орнындағы қазба жұмыстарына Ресей археологтары да атсалыса бастады. Қазірдің өзінде бірлескен топ Хан Сарайы мен ауқатты адамдар шаһристанының орнын анықтады. Сондай-ақ, қыштан жасалған су құбырының қалдықтарын тапқан. Археологтар Сарайшық тұрғындары 16 ғасырда ауыз суды құбырдан ішкендігін айтады.

 

ВЯЧЕСЛАВ ПЛАХОВ, АРХЕОЛОГ /РЕСЕЙ/:

 - Біз Сарайшықтан екі елге ортақ тарихтың үзіктерін іздеуге келдік. Астрахань облысында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған кейбір жәдігерлер бұған дейін түсініксіз болып келген еді. Сарайшықты қалпына келтіру барысында біртұтас тарихи дерек табамыз деп ойлаймын. Ол екі елдің ортақ тарихын, мәдениетін айғақтайды.

 

Ұлы Жібек Жолы бойындағы кіндік қала Сарайшықтан табылған құнды дүниелер тарихқа тың дерек қосары анық. Себебі, Жайық бойында өмір сүрген елдің шетелдермен саяси-экономикалық, сауда байланысын айғақтайтын жәдіргерлер жеткілікті. Содан болар, көне қала археологтардан өзге жалпы көпшіліктің назарын аударуда.

 

ДЖОН МАЙСНЕР, ФОТОТІЛШІ /КАНАДА/:

 - Мен Ұлы Жібек Жолының тарихы туралы тарихи фоторепортаж дайындау үстіндемін. Сарайшық – Алтын Орда, Ноғай хандығы салтанат құрған, кейін қазақтардың алғаш астанасы болған белгілі қала. Сондықтан, оның тарихы әлем жұртшылығының назарын аударатыны анық.

 

Бір кезде Сарайшықты сыртқы жаулардан қорғаған Жайық өзені енді біртіндеп ескі қала орнына қауіп төндіре бастады. Сондықтан, тарихи орынды сақтап қалу үшін қазба орындарын қоршай бетон қабырғалар тұрғызылуда. Биіктігі 4 метрлік қабырғаның ұзындығы 1,5 шақырымды алып жатыр. Келер көктемде осы жерде ашық аспан астындағы музейдің құрылысы басталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер