Шығыс Қазақстанның тұмса табиғаты мен сырлы тарихы сыртқы және ішкі саяхатшылардың қызығушылығын арттырып отыр. Облыста «Алтай маржаны» туристік кластері құрылмақ. Саланы өркендетуге өңірдің 500-ге жуық кәсіпкері ниетті. Солардың бірі – Назым Сейітқазықызы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен 20 млн теңге несие алған. Қазір Дұбығалы көлінің жағасында туристік кешен салып жатыр.

 

НАЗЫМ СЕЙІТҚАЗЫҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР:

 - Әр адам Өскемен, Семей қаласынан болсын осы жерге келіп, демалып, 1-2 күн болса да қолайлы бәрі. Келесі жылы мына жерге асхана салып береміз. Жағаға да жақын тұрған жеріміз.

 

Шығыс Қазақстанның табиғаты туризм саласын дамытуға әбден лайық. Көзтартар көрікті жерлерге бай өңірге тынығу үшін келетін жандар қатары артып келеді.

 

МАРАТ ҚАБАҚОВ, ШҚО ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Облыста 100-ден аса туристік ұйымдар жұмыс істейді. Өткен жылы ғана өңірде жарты миллион адам келіп демалды. Бұл тұрғыда Алматы мен Астанадан кейін үшінші орындамыз. Инфрақұрылымды дамытып, жарнаманы жүйелеу жұмыстары жалғасын табады.

 

Ал Павлодар өңіріндегі Маралды көлі демалыс аймақтарының қатарына енгізіліп, оның айналасын абаттандыру қолға алынды. Ұзындығы бес жүз метр жағажай салынып, қалқалар орнатылды. Жаңа демалыс аймағына келушілер саны демалыс күндері 2 мыңнан асады.

 

ЖАННА АСЫЛОВА, КУРОРТТЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бізге осы аймақта жұмыс істеуге рұқсат берген кезде сайын дала болатын. Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар құрылыс жүріп жатыр. Демалушыларға жағдай жасау үшін біршама іс атқарылды. Ресейден туристер көп келеді. Алматыдан арнайы келген отбасы бір апта бойы демалып кетті.

 

МӘДИ БАЯЗИТОВ:

 - Мен Қостанай қаласының тұрғынымын. Маралды демалыс орнына арнайы келдім және де бұрын осы Маралдыға келгенде мұндай болмаған. Қазіргі таңда Маралдыда көптеген құрылыс жүріп жатыр, оған өзімнің көңілім толды.

 

Маралды көлінде медицинада аса құнды артемия салина шаяндары тіршілік етеді. Балшықтың бес түрі бар. Келешекте он екі ай жұмыс істейтін заманауи шипажай салу жоспарланып отыр. Тағы бір жаңалық – нақты осы өңірде марал шаруашылығын ашуға дайындық жүріп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер