БҰҰ Қазақстанның ядросыз әлем құрудағы маңызды ролін атап, елімізде халықаралық төмен байытылған уран банкінің ашылғанын қолдап отыр. Бұл туралы Женевадағы Сарапшылар отырысында айтылды. Басқосудың өтуіне республиканың Женевадағы тұрақты өкілеттігі мен БҰҰ-ның ядролық қарусыздандыру жөніндегі Женева платформасы мұрындық болды.

 

РОНАН ЛЕ БРА, ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚҚА ЖАППАЙ ТЫЙЫМ САЛУ КЕЛІСІМІ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Ядролық сынақтың ауыртпалығын білетін қазақ елі біз үшін маңызды. Сіздерде біздің жұмысымызға қажетті көптеген станциялар сақтаулы. Бұл әрбір заңсыз әрекеттің алдын алу үшін қолайлы жүйелер. Ұйымымыздың атқарушы хатшысы Қазақстанда Пагуош конференциясының Астана декларациясына қол қойды. Бұл да бір тарихи сәт.

 

РИЧАРД ЛЕННАН, ЖЕНЕВАДАҒЫ ҚАРУСЫЗДАНДЫРУ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрқайсысымыз адамзатқа тек зұлмат әкелетін қару түріне халықаралық нормалармен шектеу қойылғанын білуіміз шарт. Қазақстанның бұл істегі нәтижесі бойымызға үлкен үміт сыйлады. Астана декларациясының қабылдануы - ядросыз әлем құрудағы маңызды қадам. 

Атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың маңызды кезеңін сарапшылар Қазақстанда аз байытылған уран банкінің ашылуымен байланыстырып отыр. Енді химиялық реакция арқылы ыдырайтын материалдың өндірісін тоқтату туралы келіссөздер басталмақ. Барлық қалдықтар жалпыға ортақ уран депозитариіне тапсырылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл ядролық лаңкестіктің алдын алады.

Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы ерен еңбегі туралы Мәскеуде де сөз болды. Онда төмен байытылған уран банкінің ашылуы Қазақстанның халықаралық дәрежесінің жоғарылауы арқасында мүмкін болғаны айтылды. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау, оның инфрақұрылымы мен экспортын қадағалу жүйесінде еліміздің тәжірибесі мол.

 

МАРАТ СЫЗДЫКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙДЕГІ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІ-УӘКІЛІ:

 - Мемлекеттердің өз аумағында байытылған уранның көмегімен қандай да бір қуатты қару жасаудан бас тартуы үшін МАГАТЭ-нің басшылығымен арнайы  Халықаралық банк құрылды. Ол өз еркімен атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі жоқ немесе халықаралық нарықта қажетті шикізатты ала алмайтын елдерге көмек береді және оның барлығын бақылауға алады. Яғни осы процесстің қалай жүзеге асып жатқаны жалпақ жұртқа айқын көрнетін болады.

 

Қазақстан ядролық сынақтардан көрген ұлттық қасіретін өзінің дипломатиялық басымдығына айналдыра білді. МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін дәл Қазақстанда құруы - осының бір дәлелі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер