Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. EXPO-2017 көрмесінің арқасында екі ел бірігіп, бірнеше жоба дайындап та үлгерді. Қазір мамандар өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланысты нығайтып жатыр.

 

КСЕНИЯ СВЕТЛОВА, КНЕССЕТ ДЕПУТАТЫ:

 - Казақстан біздің бизнес иелерінің аса қызығушылығын тудырып отыр. Себебі, қазақ елінің даму мүмкіндігі зор. Нарықта өзіндік орын бар. Бүгінде сіздерді әлем халқы жақсы біледі. Израильдік кәсіпкерлер жоғары технологияға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Біз Қазақстанмен арадағы достықты аса жоғары бағалаймыз.

 

Израильдік бизнес иелері Қазақстанның ауылшаруашылық саласына басымдық береді. Бұл бағытты дамытуға арналған технологиясымен бөлісуге де дайын. Сауда-өнеркәсіптік палата төрағасы, осы бағдарлама авторларының бірі Михаэль Роэнің айтуынша, қазір ауқымды инвестициялық жоба әзірленіп жатыр.

 

МИХАЭЛЬ РОЭ, «ИЗРАИЛЬ-ҚАЗАҚСТАН» САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз инвестициялық қор құрып жатырмыз. Жалпы қоры бір млрд долларды құрайды. Қазір әкімшілік рәсімдеуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаражат үлкен жобаларды ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы шағын бизнес иелерін қамтиды. Бұл қаржыға жаңа технологиялар енгізілетін болады.

 

Екі ел арасындағы іскерлік байланыс өзге де салаларда байқалады. Олардың қатарында білім деңгейін көтеруге арналған жобалар да бар. Қазірдің өзінде дәрігерлер мен компьютер мамандары Тель-Авивке, Иерусалимге келіп тағылымдамадан өтіп жатыр. Мәдени қарым-қатынас та жоғары деңгейде. Артистер, музыканттар да ұдайы тәжірибе алмасып тұрады. Сондай-ақ, Израиль халықаралық саяси шаралардың дені осында өтетіндіктен, Астананы бітімгершілік алаңы санайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер