Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздікті орнатуда және ядролық қарудың тарап кетпеуі жолында маңызды рөл атқарып отыр. Ел аумағында аз байытылған уран банкінің орналасуы әлем қауымдастығының зор сенімін білдіреді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Юкия Амано елордаға сапары кезінде осылай мәлім етті. Аталған қордың жұмысы осы агенттіктің тікелей қатысуымен және бақылуымен іске асырылатын болады.

 

ЮКИЯ АМАНО, МАГАТЭ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қорға аз байытылған уранды жеткізіп орналастыру келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп үміттенеміз. Қазақстандағы банк атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің аясында болғандықтан, өз ерекшеліктері бар. Дегенмен, Қазақстан, Ресей, және Ұлыбританиядағы банктерді бір мақсат біріктіреді. Олар төмен байытылған уран қорына кепілдік береді. Уранға деген қажеттілік жайлы айтатын болсам, біздің бағалауымыз бойынша, келешекте шикізат сұранысы айтарлықтай артады.

 

Әлем сарапшылары аз байытылған уран банкінің ашылуы жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың өркениетті жолы деп есептейді. Олардың бұл пікірін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо да қолдап отыр. Ол Қазақстанды ядролық қарусыз әлем құру ісінің көшбасшысы деп атады.

 

ЛАССИНА ЗЕРБО,  ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ЖАППАЙ ТЫЙЫМ САЛУ ТУРАЛЫ ШАРТ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

 - 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ алаңын жабуы, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы құрметке лайық шешім. Қазақстан - ядролық қарусыз мемлекет құруда басқа елдер үшін үлгі болып танылды. Ядролық қарудан бас тартып, халықаралық қауымдастықтың мүшесі болды. Төмен байытылған уран банкінің елдеріңізде ашылуы символикалық негізгі ие. Сондай-ақ, бұл әлемдік қауымдастықтың білдірген сенімі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер