Астана маңындағы ежелгі Бозоқ қаласын зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Тарихшылар көне шаһарды қазіргі елордамыздың түпкі тегі санайды. Қаланы Кемел Ақышев 1999 жылы Астана қаласының маңынан тапқан еді. Есіл мен Нұра өзенінің ортасындағы көне шаһар 8-9 ғасырларда салынған. Кейін Жошы ұлысының маңызды ордаларының біріне айналады. Қазба жұмыстарын Кемел Ақышев дүниеден озғаннан кейін жұбайы Марал Қалымжанқызы жалғастырды.

 

МАРАЛ ҚАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, АРХЕОЛОГ:

 - Бозоқ сөзінің шығу тарихы оғыз-түрік тілінен тарайды. Сол дәуірде қалалар үшке бөлінген. Сол қанат, оң қанат және орталық. Оң қанатты Бозоқ деп атаған. Бұл атау сонау ғұндар кезеңінде де болған. Сол қапталды олар Ұшық десе, орталыққа Орда деп атау берген.

Енді мамандар  көне шаһарды ашық аспан астындағы музейге айналдырмақ.

 

МАРАЛ ҚАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, АРХЕОЛОГ:

 - Кез келген саяхатшы Астанаға қыдырып келіп, қаланың орнын, кескін-келбетін тамашалай алуы тиіс. Біз қазір тұжырымдамасын жазып, дайындап қойдық. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша осы жобаны іске асырсақ дейміз.

 

Бұл шет елден ағылған саяхатшылардан бұрын, өзімізге керек дүние. Тыңнан түрен салып, қыр арқасына астанасын салған қазақ елінің түп тарихы тереңде жатыр. Ал бабалар мекенін қайта жаңғыртуымыз – мәдениетіміз бен дәстүрді ұлықтағанымыз.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер