Қазақстанда ядролық отын банкі ашылды. Әлемде баламасы жоқ нысанда аз байытылған уран сақталады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бұл банкті біздің ел аумағында ашу туралы келісімге осыдан екі жыл бұрын қол қойылған еді. Маңызды нысан Шығыс өңірдегі Үлбі металлургиялық зауытында орналастырылды. Кезінде бұл зауытта 800 тоннаға дейін уран сақталған. Яғни, тәжірибе бар. Халықаралық банкке арнап мұнда қойма салынып, заманауи бақылау жүйелері орнатылды. Барлық жұмыстар әлемдік талаптар бойынша жүргізілді. Келер жылдан бастап нысанға аз байытылған уранның 90 тоннасы жеткізіледі. Отын тек атомды бейбіт мақсатта пайдалануға беріледі.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға өз үлесін қосты, бұл біріншіден. Екіншіден, ядролық отынды қауіпсіз жеткізудің бірегей тетігін құруға атсалысты. Аз байытылған уран банкі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жұмыс істейтінін атап көрсеткім келеді. Сол себепті МАГАТЭ басшылығына, банктің донорларына осынау маңызды шараға елеулі үлес қосқандары үшін алғысымызды білдіреміз.

Халықаралық уран банкі Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ашылып отыр. Бұл датаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен. Аз байытылған уран банкінің ашылуы қарсаңында елордада төрт күнге жалғасқан 62-ші Пагуош конференциясы өтті. «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбы қаузалған жиынға әлемнің 46 елінен 200-ден астам сарапшы келді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Пагуош ғалымдарының 62-ші конференциясына қатысу біз үшін үлкен құрмет. Рассел-Эйнштейннің ғалымдар мен саясаткерлерді барлық дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге шақырған 1952 жылғы үндеуі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Пагуош қозғалысының жастарды көптеп тартқаны өте құптарлық. Астанадағы кездесулер өзекті істің тамырына қан жүгіртті деуге болады. Қазақстанмен серіктестігінің болашағы жарқын деп есептеймін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер