Қазақстан азаматтарының құқықтық қауіпсіздігінің  кепілі - Конституцияға 22 жыл. Бас құжаттың қабылдануымен тұғырлы елдің ең құнды қазынасы - адам өмірі мен бостандығына кепіл болар қазықтың қадасы қағылды. Ата заң отандастарымызды біте қайнастырып, бір мүддеге ұйыстырып жүрген алтын діңгек іспетті. Ондағы қағидаттар айбары асқан қуатты ұлт, дәулеті тасыған шуақты ұлыс құрудың бағыт-бағдарын айқындады.

НИКОЛАЙ ЛАПИН, ТАРИХ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Түрлі ірі кәсіпорындар мен зауытттардағы өндірістік ұжымдар конституцияны қабылдауға тікелей атсалысты. Заң жобасы  тіпті шағын сауда орындары мен кішігірім дүңгішіктерде де  кең талқыға түскен тақырып болды. Ата заңды құруда елдің жаппай қызығушылығын сол кезде жасалған хаттамалар дәлелдейді. Сарапшылар мен тарихшылардың санағына сәйкес бұқара арасында 33 мыңнан артық талқылаулар мен түсіндіру шаралары өтіпті.

Құқықтық қатынастардың қайнар көзінің негізінде жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Былтырғы қомақты өзгеріс билік тармақтарын бөлу, президенттің өз өкілдіктерін үкімет пен парламентке жүктеуі ел тізгінін ұстаған атқамінерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырды. Ел ағаларының  ойы демократиялық мемлекетке уақытылы осындай жаңғыру қажет дегенге саяды.

ИГОРЬ РОГОВ, ҚР КОНСТИТУТЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Конститутцияның тұрақты болғаны дұрыс па, әлде дамуы қажет пе? Осы сұрақты көпшілігі қояды. Әрине, екеуі де маңызды. Бір шетінен елдің дамуы құқық жүйесінің инновациялық тұрғыда дамығанын қажет етеді. Сондықтан, конститутциялық реформа дер кезінде жүзеге асырылған бастама.

МҰХИТ-АРДАГЕР СЫДЫҚНАЗАРОВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Кейбір елдерде конституция әлі күнге дейін қабылданбаған. Мәселен, Израильде Ата заң жоқ. Ал бізде Конституция егеменді ел құрудың  негізіне айналды. Бірінші баптан-ақ адам өмірі мен бостандығына кепілдік берілген. Сондықтан ондағы бар қағидаттар қазақстандықтарды жарқын болашаққа жетелейді.

Заман ағымына сай түрленіп, байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинаған Ата заңымыз қоғамды одан әрі ізгілендіруге кең жол ашты. Осының арқасында қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлікке сызат түскен емес. Себебі конституция елдің қалауы, халықтың таңдауымен жасалды. Қазақстандық тәжірибе өзгеге үлгі, оның еліміздің дамуына тиіп жатқан шарапатына талай сырт көз куә. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер