Әлемнің 50-ге тарта елі Еуразиялық Экономикалық одақпен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Қазіргі таңда еркін сауда-саттық жөніндегі келіссөздер Израиль, Сербия және Иран мемлекеттерімен жүріп жатыр. Бұл жөнінде Астанада өткен «Еуразиялық апта» халықаралық форумы барысында айтылды. Жыл сайынғы дәстүрлі жиынға әлемнің 42 елінің іскерлік торптары қатысты. Жалпы шараға 2 мыңнан астам билік пен бизнес қауымдастығының өкілдері жиналды. Бірыңғай сандық экономика мен кооперациялық тізбек құру мәселелері басқосудың негізгі өзегіне айналды.

ЖЫРҒАЛБЕК САҒЫНБАЕВ, ЕАЭО ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІ ПРЕЗИДИУМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Халықаралық сарапшылардың бағалауына сай, экономиканы цифрландыру әлемдік нарық саясатын түбегейлі өзгертіп, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің үштен бір бөлігін құрауы мүмкін. Ал, өнеркәсіптік кешендердің күш-жігерін біріктірудің арқасында бәсекеге қабілетті өнім шығарудың әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Осының негізінде еуразиялық технологиялық тұғырнамалар жасалып, жүздеген бірлескен  жоба барысы талқыға салынуда. Мәселен, Еуроодақтың санкцияларына іліккен компанияларды жұмысын тоқтатпай, біздегі өндірістермен бірігуін ұсынып отырмыз.

Одақтың ортақ нарығына қатысты түрлі сала бойынша қордаланған мәселелердің басы қайырылды.  Халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа жол ашатын бірқатар құжатқа қол қойылды. Жалпы, форум барысында 300-ден астам халықаралық сарапшы сөз сөйлеп, 30-дан астам пікір алмасу шаралары ұйымдастырылды. Жиыннан соң Қазақстанда одақ елдерімен бірлескен сегіз мыңнан астам кәсіпорынның қатары арта түседі деп күтілуде. Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сыртқы сауда көлемі биылдың бірінші жартыжылдығында 28 пайызға артқан.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер