Біріккен Ұлттыр Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енгелі Қазақстан бұрын-соңды өкілеттілік етпеген барша Орталық Азия мемлекеттеріне артылған жүкті абыройлы атқарып келеді. Әсіресе, еліміз жанжалдардан азат әлем құруға жауапты жаһандық органның халықаралық қақтығыстарды шешу жолындағы көкейкесті бастамаларына белсенді атсалысуда. Қазақстанның қатысуымен Ауғанстан және Сомали елдерінде бейбіт тірлікке төнген қауіп-қатерді сейілту процестері өтті. Әлемнің үрейін алып дүрбелең салған ланкестік ұйымдардың активтерін жауып, жүріс-тұрыстарына тыйым салатын шектеулерге қол жеткізілді. 

МЕЙРАТ ОМАРОВ, ҚСЗИ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІ 

- Жарты жылдан сәл артық уақыт ішінде атқарылған бұл жұмыстар Қазақстанның жаһандық қауымдастық алдында беделін өсіріп, бейбіт әлем құруға ұмтылған ел екенімізді тағы бір дәлелдейді. Осы төңіректегі еңбегімізді әлем мойындап отыр.  Бұл орайда Қазақстан тарапынан Корея елінің ядролы зымыран бағдарламасына қатысты айтылған сынын ерекше атап өткен жөн. Өйткені бұл әлемге қауіп-қатер төндіріп тұрған аса өзекті  мәселе.   

Гамбиялықтар да Қазақстанның бейбітшілік процестеріндегі бітімгершілік рөлін жоғары бағалап отыр. Кеңестің араласуымен осы елдегі конституциялық дағдарыс тоқтатылды. Ұзаққа созылған бірқатар келіссөздердің шарапаты тиіді. Нәтижесінде африкалық мемлекетте тұтанған саяси жанжалдың беті қайырылып, қарулы қақтығыстарға  ұласуына жол берілмеді. Гамбиялықтар бейбітшілік орнатуда сүбелі үлес қосқан халықаралық ұйымдар мен Қазақстан сынды жекелеген елдерге шексіз алғыстарын білдіреді.    

МАМАДУ ТАНГАРА, ГАМБИЯНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

- Гамбиядағы жағдай тұрақталды. Біз батысафрика елдерінің экономикалық одағына, БҰҰ-на және де Қазақстан еліне ризашылығымызды білдіреміз. Барлық мәселе бейбіт жолмен шешімін тауып, бізді қолдаған тараптармен мәдени және діниаралық келісім орнатқымыз келеді. Қазақстанды төрткүл дүниеде тек бейбітшілік пен бітімгершілікті ту еткен ел ретінде жақсы білеміз. Халықаралық аренада елдеріңіздің орны бөлек. Біз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлану науқанының куәсі болдық. Африка одағымен бүгінде тығыз байланыста келесіздер. Ынтымақтастығымыз ұзағынан болсын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер