Соңғы 20-жылда Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорғандарындағы археологиялық қазба жұмыстары ұлттық тарихымыздың тамыры тереңде екенін көрсетті. Сақ патшалары жерленген қорымдарды Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен археолог-ғалымдар үздіксіз зерттеп жүр. 2001-жылы №11 қорғаннан табылған алтын адам әлемдік тарихқа теңдессіз жаңалық болды. Ал биыл 5-ші обадан біздің заманымаздан үш мың жыл бұрын өмір сүрген сақ патшайымының мүрдесі шықты. Қасына әбзелдері алтынмен апталған екі ат жерленіпті.

ЕЛДОС ҚАРИЕВ, АРХЕОЛОГ:

- Әр осындай билеуші жерлеу рәсімі кезінде қарамағындағы тайпалардан бір-бір жылқыдан алған деген. Осыған қарағанда бұл кісінің  қол астында 2 тайпа болған. Мүмкін ірі болды басқа тайпаларға қарағанда.

Археологтардың айтуынша мүрденің киім-кешегі де алтынға толы болған. Сәукелесі мен тоны түрлі аң бейнесімен безендірілген. Суреттер бір-бірін қайталамайды. Яғни сол заманда көшпенділердің алтын игеруде өзіндік құпиясы болғаны байқалады.  

Берелде жалпы 300-ге жуық қорған бар. Соңғы 20-жалда ол обалардың үштен бірі ғана зерттелді. Ендігі міндет – бүгінге дейін табылған жәдігерлерден музей ашып,  ғылыми  айналымға енгізу.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, АРХЕОЛОГ, ПРОФЕССОР:

- Бұл дүниелердің барлығын қазіргі кездегі  мәдени кеңістікке солардың барлығын интеграциялау, кіргізу дегендей. Әр түрлі жолдармен бұл да рухани жаңғырудың бір бағыты болып табылады. Қазақстан тарихы оқулықтары жазылып жатыр ғой. Әлі де жазылар. Солардың ішіне кіргізу. Сол арқылы жас ұрпаққа тәрбие беру.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде басталған биылғы  археологиялық зерттеулер бойынша Өскеменде қыркүйек айында халықаралық конференцияда өтеді. Оған Орталық Азия мен Еуропаның белгілі  ғалымдар қатысып, Берелге қатысты ғылыми  пікірлерін айтатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер