Қазақстан туризмді стратегиялық маңызды салаға айналдырмақ. Бұл ретте осы секторды экономикасының іргелі күшіне айналдырып үлгермен елдердің тәжірибесі біз үшін ерекше қызық. Мысалы, Алматы облысы Швейцария елімен ынтымақтастық орнатты. Астанадағы ЕХРО көрмесі аясында өңір басшысы Амандық Баталов швейцариялық Тичино әкімшілік аумағының делегациясымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құжат пен естелік сый алмасқан тараптар Алматы мен Тичино өңірлерінің табиғаты ұқсас екенін айтып, арадағы мәдени және сауда-экономикалық байланыстың нығаятынына үлкен сенім білдірді.

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Меморандумға қол қояр алдында мынау Швейцария жағынан сосын біздің жақтан үлкен жұмыс жасалған. Өздері біздің Алматы облысын арнайы таңдап алып отыр. Табиғаты, жері, ауыл шаруашылығының жағдайлары соның барлығы оларға сәйкес келеді екен. Ауыл шаруашылығын дамыту, заманаға сай технологияларды әкелу, содан кейін туризм жағын дамыту.

Қытай да туризмді дамыту тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы ЕХРО қалашығында өткен Хайнань провинциясының күндеріне арналған баспасөз мәслихатында айтылды. Хайнань шаһары – Аспан асты еліндегі жалғыз тропикалық қала. Бұл өңірдің туристік әлеуеті зор. Осының арқасында былтыр ел экономикасына 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылыпты.

ЛИ ЧЖИЦЗИЕ, ХАЙНАНЬ ПРОВИНЦИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстан мен Хайнань провинциясы экономиканың сан саласында байланыс орнатады деген үміттеміз. Біз сіздің мемлекет үшін туризм нарығын 100 пайыз ашуға дайынбыз. Көрген-білгенімізбен бөлісуге өзіміз де мүдделіміз. Жалпы екі жақты ынтымақтастықты бірнеше бағыт бойынша дамытуға болады. Мәселен, бізде тропикалық жемістер экспорттайтын мүмкіншілігіміз бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер