Қазақстандағы тас жолдардың 27 пайызы ақылы болады. 2019 жылға дейін заманға сай жаңғыртылып, халықаралық талаптарға сәйкестендірілмек. Ол үшін зәкірлік инвесторлар тарту көзделіп отыр. Бұл «100 нақты қадам» ұлт жоспарында көрсетілген. Астана-Щучье – еліміздегі алғашқы ақылы жол. Көкшенің кереметіне апарар учаскемен жүруден алынатын ақы бюджетке түседі. Тас жолды жөндеу жұмыстары осы қаражат есебінен жүргізіледі.

Елорда мен Бурабайдың арасында қатынайтындар шақырымына 1 теңге төлейді.

- Мынадай жолда жүру бір ғанибет. Тозығы жеткен учаскелерді бірден қалпына келтіріп жатады. Ол үшін ақша төлеу де артық етпейді.

- Бұған үйрендік қой. Ақшасын төлегеніне сай, сапасы болу керек. Сапасы жақсы болса, халық ренжімиді.

- Едешь – отдыхаешь! Прекрасная дорога.

Келер жылы Қазақстанда тағы екі күре жолмен жүру үшін ақы алынады. Бұл – Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай бағыттары. Бұдан бөлек, 5400 шақырым жолды ақылы қылу үшін қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың құрылысы 2018 жылы басталады. Ол үшін Еуразиялық даму банкінен қарыз алып, инвесторлар тартылады.

РУСТАМ ИСАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Біз ақылы жолдарды енгізу бойынша сәуір айында инвесторлармен кездестік. Олардың арасында неміс, түрік, ресей компаниялары бар. Жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру мүмкіндігін де қарастырдық. Жалпы ақы алу жүйесі көптеген өркениетті елдерде енгізілген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жүйенің арқасында жол-көлік оқиғаларының саны біршама азайған.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға «Нұрлы жол» бағдарламасының септігі мол. Оның аясында ел аймақтарында халықаралық маңыздағы ірі жобалар қолға алынғаны белгілі. Мысалы, былтыр Атырауда Ақтөбе – Атырау - Астрахань күре жолының құрылыс басталды. Ұзындығы 1500 шақырымдық бұл автомагистраль іске қосылғанда тек Қазақстан мен Ресей арасындағы жол қатынасы ғана емес, халықаралық трназиттік жүк тасымалының екінші тынысы ашылады. Жобаға сәйкес, қазір Жайық өзенінің үстінен өтетін тағы бір жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. 10 шақырымдық көпірге кіре беріс жол дайын.

ЖАСҰЛАН ТӘШКЕНБАЕВ, ЖОБА ИНЖЕНЕРІ:

- Бұл көпірдың ұзындығы 660 метр. Ал барлық кіре беріс автокөлік жолдарымен қоса есептегенде көіп өткелінің ұзындығы 8,5 шақырым. Бұл көпірдің үстінен 120-180 тонна автокөліктер өте алады.

Ақтөбе-Атырау-Астрахань күре жолы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының экономикалық байланысын нығайтуға серпін береді. Ал жаңа көпір тоғыз жолдың торабындағы күрделі жол қозғалысын оңтайландыратын аса маңызды нысан болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер