Еліміздің машина жасау саласы тәуелсіздік алғалы бері 17 есе өсті. Мамандардың пікірінше, машина және аспап жасау алдағы уақытта ел экономикасының негізгі тірегіне айналуы тиіс. «Бұл саланы одан әрі дамыту үшін жоғары сұрыпты, өзі жеңіл және жоғары температураға төзімді, таттанбайтын болат өндірісін жолға қою керек», - дейді ғалымдар.

АЛИК АЙДАРБАЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Орташа жыл сайын өсімі 20 пайыз. Бұндай үлкен көрсеткіш басқа салаларда байқалмайды. Бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Сондықтан бұл саланы біз ары қарай дамытамыз.

МҰРАТ ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА ПРЕЗИДЕНТІ:

- Кез келген мемлекетті байытатын индустрия. Менделеев таблицасындағы элементтің барлығы бар. Сондықтан бар нәрсені біз жөндеп, іске қосуымыз керек. Ол біздің тікелей ғылымның міндеті.

Атыраудың машина жасау зауыты – еліміздегі бірегей өндіріс ошағы. Мұнда мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті қондырғылардың сан алуан түрін жасап шығарады.

АЛЕКСАНДР ДОНСКОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

- Өткен жылы біз бірнеше мұнайхимиялық кешенді  қондырғылармен жабдықтадық. Олардың бәрі бұрын алыс шетелден жеткізілетін. Бұл істі биыл да жалғастыратын боламыз. Біздің ары қарай дамуымыз үшін Қазақстаның даму банкі қаржыландырды. Бүгінгі күні тағы екі өндірістің құрылысын бастадық. Ол ыстық мырыштау және бұйымдарды ұсталық баспақтау цехы.

АЙГҮЛ ӘЖІҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Облыстың кәсіпорындары еліміздің экономикасының дамуына үлкен сүбелі үлес қосып отыр. Бүгінгі күні өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республикадағы үлесіміз – 28-29 пайыз. Өңіріміздің экономикасының дамуының негізгі көзі мұнай мен газ болғанымен де, экономиканы әртапратандыр аясында басқа да салаларға үлкен көңіл бөліп отырмыз.

Атырау облысында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Атап өту керек, отандық компаниялар жаңа технологияларды енгізумен қатар өздерінің де жобаларын жетілдіреді. Мәселен, «Ембімұнайгаз» компаниясы жұмысты анағұрлым жеңілдететін интеллектуалды кен орны жобасын ойлап тапты. Бұл компания шығындарын азайтып, мемлекет қазынасын толтырады.

ӘНУАР ЖАҚСЫБЕКОВ, «ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Соңғы төрт жылда біз салық түрінде республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд тенге бөлдік. Атырау облысының инфрақұрылымын дамуға 1,7 млрд. тенгеден астам қаржы бөлінсе демеушілік және қайырымдылық шараларына 1,7 млрд бағыттадық. Біз өндірісті дамыту жолында үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Келешекте ілеспе газды толығымен тоқтатуды көздеп отырмыз. Бұған өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың арқасында қол жеткіземіз.

Келешекте өндірістердің ауқымы кеңейіп, жаңа кәсіпорындардың қатары көбеймек. Мәселен, мұнай-химия технопаркі – сондай жаңа жобалардың бірі. Тың жоба іске асқанда аймақтағы инновациялық өндірістердің негізгі қозғаушы күшіне айналады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер