Ұлан-байтақ ұлы даламыздың тарихы тағы бір құнды дерекпен толықты. Көне Отырар қаласынан адам бейнесіндегі арыстан мүсіні мен қоладан құйылған тостаған табылды. Бұл олжалар қала тарихы туралы тұжырымдарды түбегейлі өзгертуі мүмкін. Осы уақытқа дейінгі қазба жұмыстарында темірден жасалған бұйым мүлдем кездеспеген. Қаншама ғасыр өтсе де, тостаған қаз-қалпында сақталыпты. 13-ғасырдың соңына тән дүниені мұнда саудагерлер әкелуі мүмкін, дейді мамандар.

МҰХТАР ҚОЖА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Сол дәуірге тән өзінің ерекшелігі бар.Үстіңгі жағында арабша жазу бар. Осындай ыдыс сирек және бай ауқатты адамдарда кездесетін нәрсе.

Отырар – Ұлы жібек жолы бойындағы ең ірі және көне қалалардың бірі. Жалпы сыртқы қорғанын қосқанда шаһардың аумағы 200 гектардан асады. Ат шаптырым жерді алып жатқан қорғанда қазба жұмыстары өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басталған. Әрбір табылған дүние қазақ тарихының тереңдігінен сыр шертіп тұрады.

Тарихшылар адам бейнесіндегі арыстан мүсіні 12 ғасырға яғни қазақ жеріне исламның келуіне дейінгі дәуірге тән дейді. Бұл көне қала тұрғындарының жануарларды кие тұтқандығын көрсетеді.

МҰХТАР ҚОЖА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Көзі, беті бәрі Арыстан бейнеде жасалған. Ошақ тәрізді адыраспан түтетіп отқа табыну белгісі.

Сондай-ақ, қорғаннан кәріз жүйесі табылды. Бұл Отырардың өз дәуіріндегі өркениетті шаһарлардың бірі болғандығын дәлелдейді. Бұған дейін де қала ішінде қыштан құйылған ауыз су жүйесі табылған болатын. Қазба жұмыстарының нәтижесі көне қаланың іргетасы қаланған уақытты нақты айқындап бермек. Кезінде Ұлы Жібек жолы торабындағы сауда-саттығы дамыған қалаға қызығушылар көп болған. Соның салдарынан шаһарды жаулауға бағытталған шабуылдарда да есеп болмағаны айқын.

ИЛЬЯР КАМАЛДИНОВ, АРХЕОЛОГ:

- «Ұлы Жібек жолындағы көне қала тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сауда-саттық дамыған. Қала тұрғындары соның есебінен өсіп-өркендеп отырған. Ақшаға зат бұйым сатып алған. Соның есебінен қала өркендеген деуге болады.

Дегенмен күні бүгінге дейін хан ордасы мен әлемдегі ең бай кітапхана қоры табылған жоқ. Қазба жұмыстары кезінде көне қалашықтың орнынан аршып алынған жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, Орталық музейге өткізіледі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер