«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында кеден қызметін жетілдіру қарастырылған. Атап айтқанда, шекарадағы алыс-беріс, барыс-келіс жұмыстары жеңілдетіліп, құжаттарды рәсімдеу электронды жүйеге көшіріледі. Бұл экспорттық және импорттық тауар тасымалын дамытады.

РУСЛАН БЕКЕТАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бірыңғай терезе экспорттық-импорттық операциялар бойынша жұмысы 2019 жылдың басында іске қосылады. Сол арқылы тауарларды кедендік тазалау кезінде барлық рұқсат құжаттары бір жерден алынады. Бұған қоса, біздің министрлік «электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі негізінде «Виртуалды қойма» модулін іске қосады.

 «Астана-кедендік рәсімдеу орталығы» алыс-жақын шетелмен алыс-берісті қадағалап отыратын бірден-бір мекеме. Шекарадан өткен тауар алдымен осында келіп түседі. Құжаттар толтырылып, түгенделгеннен кейін ғана жеткізілген жүкті алып кетуге рұқсат. Бірақ, ол үшін сағаттап тосу қажет. Бұл олқылықты енді электронды декларациялау жүйесі жояды деп күтіліп отыр. «Бір терезе» қағидатына негізделген кедендік рәсімдеудің жаңа тәртібі қай тараптың болмасын уақытын үнемдейді.

ТАЛҒАТ ЖАҢБЫРБАЕВ, «АСТАНА-КЕДЕНДІК РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕДЕНДІК БЕКЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұрын 3 сағаттан бір тәулікке дейін уақытты алған рәсімдеу жаңа жүйенің арқасында 10-15 минутқа дейін қысқарады. Кеден бекетіндегі инспектор тауар тасымалдаушының құжаттары дұрыс па, бұрыс па, оны электронды жүйемен бақылай алады. Тиісті құжат беретін барлық мемлекетті органдар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

«Астана-1» ақпарат жүйесінің әзірге пилотты порталы іске қосылды. Декларацияны электрондық үлгіде толтырып, сайт арқылы қажет құжатты тапсыруға да, тиісті рұқсаттарды алуға да болады. Жоба сәтті жүзеге асса, онда кедендік рәсімдеу орталығында құжат толтырып, уақыт жоғалтып жатпайсыз.

ҮМІТГҮЛ ҒҰБАШЕВА ҚР ҚМ МКК КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ ҰЙЫМЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Астана-1» ақпарат жүйесі Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кодексінің және дүниежүзілік кеден ұйымының барлық талабына сай келеді. Біздің ойымызша, бұл кеден жұмыстарын бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетеді. Бір ғана портал арқылы үйден шықпай-ақ барлық шаруаны тындыруға болады.

Жаңа бастама отандық кәсіпкерлердің де жұмысын жеңілдетеді. Бір ғана порталдың көмегімен кеденде кедергі болмас үшін алдын ала барлық шаруаны реттеп алуға болады.

ДАНИЯР ЗАКАРИН MABСO CONSTRUCTIONS S.A. КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Бір терезе» жүйесі қазіргі уақытта өте өзекті. Біз үшін шынында да қызық. Үлкен жетістіктер күтеміз. Бастысы, осы жобаның арқасында қағазбастылықтан арылсақ жақсы болар еді.

«Астана-1» ақпараттық жүйесі әлемнің 90 елінде белсенді қолданылатын АСИКУДА бағдарламасы негізінде жасалған. Кедендегі қанат қақты жоба бұл салаға тың серпін береді деген үміт бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер