Қазақстандық археологтар бірден бірнеше жаңалық ашты. Шығыс Қазақстан облысындағы Берел жазығындағы №5 қорғаннан алтынмен апталып, күміспен күптелген 1 әйелдің мүрдесі мен екі ат табылды. Археолог Зейнолла Самашевтың айтуынша, жәдігерлер біздің заманымызға дейін 3-ші ғасырға жатады. Ғалымдар әйел адам жанынан табылған заттарға қарап, ол өз заманында өте ықпалды адам болған дейді. Қазба жұмыстары кезінде қорғаннан алтынмен оқаланған сәукеле және ыдыс-аяқтар шыққан. Қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан археологтар тағы да құнды жәдігерлер шығарына сенімді.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау жазығынан екі балбал тас табылды. Көне ғұрыптық бұл ескерткіштерді Абай ауылының тұрғыны Алпамыс Қуандықов кездейсоқ тапқан. Жерден 3 сантиметр бойы көрінген тасты әуелі қозғап көрген. Қолмен алынбасына көзі жеткен соң қазып алған. Арпа өзенінің бойынан табылған тарихи жәдігер шығысқа қарата орнатылыпты. «Балбал тас ежелгі түркі дәуіріне тән»,-дейді жергілікті тарихшы Ниязәлі Дүйсенбек. Мұндай жәдігерлер ел аумағынан көптеп табылған. Созақ өңірінің өзінде бұл бесінші балбал тас. Барлығы музейде сақтаулы тұр. Бағзы заманда балбал тас ру тайпадағы беделді бекзадаларға арнап қойылған көрінеді.

НИЯЗӘЛІ ДҮЙСЕНБЕК, ТАРИХШЫ:

- Қазақ жерінде Ислам діні таралған 10-12 ғасырға дейін әр ауылдың би бекзадалары ардақты азаматтарының бейітінің басына тас мүсін орнатылған болатын. Арпа өзенінің бойынан табылды. Бұл өзен бұрыннан тарихқа бай. Құмыралар, қыштар басқа да балбал тастар табылған болатын.

Жергілікті тарихшылар көне дәуірдің ескерткішін Х-ХII ғасырға тиесілі дейді. Талай тарихтың куәсі болған балбал тас бабаларымыздың мәдениеті мен өнері, тарихы мен өмірі, діни-нанымдық ғұрпының көрінісі. Құнды дүниені ғалымдар түбегейлі зерттейтін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер